Ресейге кірмек болған Орталық Азия елдерінің азаматтарына тексеріс күшейді. Көбін әуежай аумағынан шығармайды, кейбірін елдеріне депортациялап жатыр. Бұл жөнінде "Мигрант медиа" жобасы мен әлеуметтік желідегі хабарламаларға сүйенген "Настоящее время" арнасы хабарлады. Тексерістер 22 наурыз күнгі "Крокус сити холға" жасалған шабуылмен байланысты, деп жазады Азаттық радиосы.
"Мигрант медиа" жобасының хабарлауынша, әуежайдан шыға алмай қалғандар арасында ықтиярхаты бар студенттер де бар. Мәскеудің Шереметьево әуежайында түсірілген әлеуметтік желіде жарияланған видеода ондаған адамның ұшақ келетін аймақта еденде жатқаны көрінеді. Көбі Мәскеуге 4-5 күн бұрын келгенін айтады. Олар ақшалары таусылғанын, тамақ алатын ақшасы жоқ екенін де жеткізеді.
"Мұнда бір кола 490 рубль тұрады, бір хотдогтың бағасы 500 рубль. Бұл жаққа ұшып келудің қажеті жоқ. Екі аптадан соң ұшып келген жағына қайта жібереді деп айтады" дейді видеодағы адам. Видео авторы отандастарын Ресейге бармауға, билеттерін өткізуге шақырады.
Қырғызстанның Ресейдегі консулы Манас Жолдошбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне қырғыз билігі әуежайларда қалып қалған 51 азаматты еліне қайтарғанын мәлімдеді. Тағы кемінде 20 адам ұшақты күтіп отыр. Ведомство қырғыз азаматтарын күшейтілген режим алынғанға дейін Ресейге бармауға шақырды.
"Мигрант медиа" жобасының жазуынша, жағдайға қарамастан Мәскеуге ұшуды жоспарлап отырғандар аз емес. Мысалы 19 жастағы қырғыз азаматы Әбдімәжит Жамғырбековтің айтуынша, оның әпкесі ауыр сырқат. Сондықтан ол оқуын тастап, әпкесін емдеуге ақша табу үшін Ресейге жұмыс істеуге бармақ.
"28 наурызға билет сатып алдым. Сағат төртте ұшамын. Өткен түнде үлкен ағам ұшып кетті. Аллаға шүкір, оны Шереметьево әуежайында тексеріп, әрі қарай өткізген екен. Енді оның артынан бармақшымын" деді ол журналистерге.