«АЖ» редакциясына «Француз кварталы» мен «Victory Park» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары шағымданды.
«Француз кварталы» тұрғын үй кешені үшінші күн жарықсыз отыруға мәжбүр болса, 28 наурыз күні түстен кейін көршілес «Victory Park» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жарықсыз қалды. Құрылыс салушы да, «Атырау Жарық» та бұл мәселеге қатысты әрекет етпеді. Тұрғындар қала әкімдігінен мәселені шешуге көмектесуін сұрайды.
«Атырау Жарық» әкімдіктің телеграмм чатында мынадай жауап жазды:
«28 наурыз күні сағат 15:53-те №51 «Нұрсая» 110/10-10 кВ қосалқы стансасынан ТП-017/1 дейін 10 кВ ф. 017 «Д» негізгі кабель желісінің (КЛ) зақымдалуына байланысты «Француз кварталы» тұрғын үй кешені жарықсыз қалды. Бұрын 12 наурызда ТП-017/1 дейін ф.014 «Д» резервтік 10кВ кабель желісі зақымданған. Бұл 10кВ кабельдік желісі тұтынушының («Stream Energy Company» ЖШС) балансында, ал «Атырау Жарық» АҚ-мен техникалық қызмет көрсету туралы келісім жоқ.
Қазіргі уақытта техникалық жөндеу жұмыстары көлемінің артуына байланысты «Атырау Жарық» АҚ мен ТКШ ММ арасындағы №56 келісімшартына сәйкес «Қалалық АЭЖ» қалпына келтіру үшін 10 кВ кабель желісінің зақымданған жерін анықтау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты аталған электр желілерін тұтынушыға басқа мамандандырылған ұйымға жүгінуді сұраймыз», - делінген хабарламада.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ