Израильдің Газа секторындағы қарқынды бомбалаудың салдарынан анклав аумағындағы 212 мектепке «тікелей соққы» жасалды. Бұған сәрсенбіде БҰҰ құрылымдары мен оның серіктестері жариялаған аналитикалық есептің нәтижесі дәлел, деп жазады Синьхуа.
БҰҰ Балалар қорының /ЮНИСЕФ/, Education cluster және Save the Children ұйымдарының мәліметінше, спутниктік суреттер 2023 жылдың 7 қазанында қақтығыс басталғаннан бері кем дегенде 53 мектептің «толығымен жойылғанын» көрсетті. Сонымен қатар, ақпан айының ортасынан бастап мектеп нысандарына жасалған шабуылдар саны 9 пайызға өскен.
Баяндама авторлары «Израильдің әуеден, құрлықтан және теңізден қарқынды бомбалауы» салдарынан «мектеп алаңдарына шабуылдардың жиілеуі» Газадағы онсыз да ауыр гуманитарлық жағдайды одан сайын күрделендіре түскенін атап өтті.
Газа секторында барлығы 563 мектеп ғимараты бар. Тікелей зардап шеккен 212 мектептің 165-і Израиль әскері эвакуациялау үшін белгілеген аумақтарда орналасқан. Деректер Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис ауданында 62, Дейр әл-Балах ауданында — 14, Газа ауданында — 94 және Солтүстік Газа аумағында 42 мектептің тікелей соққыға ұшырағанын көрсетті.
«Газада алты ай бойы оқушылар білім алып жатқан жоқ», — деді БАПОР сәрсенбіде БҰҰ-ның қатысуымен дайындалған есеп жарияланғаннан кейін. Ұйым келтірген мәліметке сүйенсек, өткен жылдың 7 қазанына дейін мектептерде 625 мыңнан астам оқушы мен 22 мың мұғалім болған.
Сондай-ақ баяндамада 2023 жылдың 7 қазанынан бері 320-дан астам мектеп ғимаратын қоныс аударғандар баспана ретінде пайдаланғаны атап көрсетілген. Осы нысандардың 188-і тікелей соққыға ұшыраған немесе қираған.
Баяндама авторлары қақтығыс аяқталғаннан кейін Газадағы мектептердің кем дегенде 67 пайызы «қызметін жалғастыруы үшін толық қайта құруды немесе қалпына келтіруді қажет етеді» деді.
ҚазАқпарат