Ақтөбе облысында қардың күрт еруінен Қызылқоға ауданының көлік жолдарын, көптеген көшелерді су басып, тұрғын үйлерге қауіп төнуде.
Бүгінде Қызылқоға ауданындағы Ойыл өзенінің су деңгейі екі метрден жоғарыға дейін көтерілді. Ал Сағыз өзені 2 метр 40 см дейін жеткен. Миялының кіреберісіндегі АИС мекемесі жүргізіп жатқан көпір құрылысы уақытша тоқтап тұр. 25 наурызда "Қарабау-Миялы-Сағыз" автожолының 46-шы шақырымында су деңгейі көтерілген болатын. Бірақ көлік қатынасы тоқтамапты.
- Бүгінде ауданда ахуал тұрақты. Барлық ауылмен қатынас үзілген жоқ. Қардың мол болуы мен төрт сағатқа созылған нөсердің салдарынан ауылдарда су көп. Демеушілікпен техникалар тартылып, сулар сорылуда, - дейді аудан әкімінің орынбасары Ерболат ИҒАЛИ. - Соңғы алынған дерек бойынша Ақтөбе облысында қар екі есе түскен. Сол себепті биыл табиғи су мол келеді деп күтілуде. Дамба соғу, топырақ толы қапшықтармен бөгет жасау дайындығы жүруде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА