Атырау, 27 сәуір 20:13
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Ауа сапасы ең нашар елдер рейтингі: Қазақстан қай орынға жайғасты?

282 просмотра

Қазақстан 134 елдің ішінде 40-орыннан көрінді. Біздің PM2.5 зиянды емес, "орташа" екен, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сейсенбіде жарияланған мәліметтерге қарағанда, Пәкістан 2023 жылы әлемдегі ең түтінді үш елдің бірі болып қала берді, ал осы рейтингте Чад пен Иранның орнын басқан Бангладеш пен Үндістанда ауаның ластануы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) белгілеген деңгейден шамамен 15 есеге асып кеткен.

PM2.5 – өкпені зақымдайтын ауадағы ұсақ бөлшектердің орташа концентрациясы. 2023 жылы Бангладеште 1 текше метрде PM2.5 консентрациясы 79,9 микрограммға, Пәкістанда 73,7 микрограмға жеткен екен. Ал ДДСҰ стандарты бойынша бұл көрсеткіш 5 микрограммнан аспағаны абзал.

"Климаттық және географиялық жағдайларға байланысты (Оңтүстік Азияда) PM2.5 концентрациясы шарықтап барады,  өйткені ластаушы бөлшектердің басқа барар жері жоқ. Бұған ауылшаруашылығын, өнеркәсіпті және халықтың тығыз орналасу фактілерін қосыңыз", – дейді Швейцариядағы ауа сапасын бақылайтын IQAir ұйымының менеджері Кристи Честер Шредер "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

2022 жылы Бангладеш ауа сапасы бойынша бесінші, ал Үндістан сегізінші орынға ие болды.

"Бангладештегі мезгілсіз өлім-жітімнің шамамен 20 пайызы ауаның ластануымен байланысты. Ал денсаулық сақтау шығындары еліміздің жалпы ішкі өнімінің 4-5 пайызы құрайды", – дейді Дакканың Солтүстік-Оңтүстік университетінің ауаның ластануы жөніндегі сарапшысы Фироз Хан.

ылтыр Үндістанның ластануы да күшейген. Бұл мемлекетте PM2.5 деңгейі ДДСҰ стандартынан шамамен 11 есеге жоғары болып шықты. Ел астанасы Нью-Делидің көрсеткіші ең нашар – текше метріне  92,7 микрограмм. 

Қытайда өткен жылы PM2.5 6,3 пайызға артып, 32,5 микрограммға жетті. Бұл бес жыл қатарынан төмендегеннен кейінгі көрсеткіш.

Австралия, Эстония, Финляндия, Гренада, Исландия, Маврикий және Жаңа Зеландия 2023 жылы ДДСҰ талаптарының үдесінен шығып, ауасы ең таза елдер атанды.

Астана ауасының сапасы қандай?

IQAir дерегінше, Қазақстан астанасындағы PM2.5 концентрациясы бүгінде ДДСҰ-ның ауа сапасы жөніндегі жылдық нұсқаулық мәнінен 10,2 есе жоғары екен немесе текше метріне 50,9 микрограмм. Бұндай көрсеткіш ауаның "сезімтал топтар үшін зиянды" екенін білдіреді.

Елдер арасындағы рейтингте Қазақстан 2023 жылы 134 елдің ішінде 40-орыннан көрінді. Республика бойынша PM2.5 концентрациясы әлемдік нормадан шамамен 4,4 есеге асып кеткен. Бұл – зиянды емес, "орташа" дегенді аңғартады. Швейцариялық ұйымның индексіне сенсек, өткен жылы Қазақстанда ең таза қала деген мәртебеге Шу ие болса, Қарағанды ең лас қала атанған.

IQAir-дің жаңа есебі әлемнің 134 елі мен аймағында орналасқан 30 мыңнан астам бақылау станциясынан жиналған деректер негізінде жарияланып отыр.

2022 жылы әлемдегі ең ластанған мемлекет Чад болды. Бірақ дерек жинау проблемасына байланысты бұл мемлекет 2023 жылғы тізімге енбеді. Сонымен қатар, Иран мен Судан да өткен жылғы рейтингке кірмеген.

Чикаго университетінің энергетикалық саясат институтының Ауаның сапасы жөніндегі директоры Криста Хасенкопфтың мәлімдеуінше, дүниежүзі елдерінің 39 пайызында ауа сапасына қоғамдық мониторинг жүргізілмей отыр.

"Үлкен артықшылықтар мен салыстырмалы түрде төмен шығындарды ескерсек, бұл мәселеде ұйымдасқан жаһандық күш-жігердің жоқтығы таң қалдырады. Осынау кемшілікті, әсіресе, ауаның ластануы денсаулыққа орасан зиян тигізіп жатқан жерлерде байқауға болады", – дейді ол.
26 наурыз, 13:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.