25 наурызда сағат 08:20-да Махамбет ауданы ТЖБ №11 Өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары 1977 ж.т. ер азамат пен 1983 ж.т. әйел адамды іздестіру жұмыстарына шықты, деп хабарлайды Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы.
Екі адамның 24 наурыз күні сағат 10:00-де «Нива» автокөлігімен жылқы малын іздеуге «Сейтек» шайханасына қарай шығып, кері оралмағаны туралы туысқаны хабарлады.
Құтқарушылар Махамбет ауылынан 9 шақырым жердегі «Сейтек» шайханасына қарай далалық жерден іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді, алайда аталған мекен-жайдан жоғалған адамдар табылған жоқ. Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын қырға қарай жалғастырды.
Іздестіру жұмыстары нәтижелі аяқталып, сағат 09:50-де жоғалған ер адам мен әйел адам Махамбет ауылынан 46 шақырым жерде «Әбен қыстағы» маңынан табылды. Мал іздеуге шыққан олардың автокөлігі батпаққа батып, шыға алмай қалып қойғаны анықталды. Құтқарушылар автокөлікті батпақтан шығаруға көмектесіп, өздерін Махамбет ауылына жеткізді. Жағдайлары тұрақты, медициналық көмекті қажет етпеді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Махамбет ауданы №11 Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан төрт адам, 1 бірлік техника, АПБ бес қызметкер екі бірлік техника, ауыл тұрғындарынан үш адам жұмылдырылды.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ