Атырау, 21 желтоқсан 00:11
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырау тұрғындары тағы да жағымсыз иіске шағымданды

1 579 просмотра

Бүгін, 25 наурызда Атырау қаласының тұрғындары ауадағы жағымсыз иіске шағымданды. «АЖ» тілшісіне қала тұрғыны Қарлығаш ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА хабарласты. Оның айтуынша, қала тып-тымық, көшеде жүру мүмкін емес. Ол Қазақстан бойынша атмосфералық ауа сапасын бақылауға мүмкіндік беретін «Қазгидромет» РМК-ның Air KZ қосымшасын тексеріп көрген.

Қосымшада былай деп көрсетілген: «...атмосфералық ауа - экожүйенің ең маңызды құрамдас бөлігі. Біздің және жақындарымыздың денсаулығына (соның ішінде ұзақ мерзімді) әсерін асыра бағалау қиын». Таңертеңгі сағат 8-де Авангардта күкіртсутегі көрсеткішінің асып кеткені тіркелді – оның концентрация деңгейі өте жоғары – 87,4 мкг/м3.

Әлеуметтік желі қолданушылары да таңертеңнен бері ауаның сапасына шағымдануда. Еркебұлан БАДЕЛ #Atyrau #SOS хэштегімен «Кім улап жатырған?» деген сауал қояды. Оның жазбасының астына АҚмЗСЖҚХБ Атырау филиалының өкілі Дарья ОЛЖАҒАЛИЕВА: «Скоро уланып өлетін шығармыз, ұйықыдан тұра алмай қалып» деп жазады.

Ал облыстық мәслихат депутаты Арман ХАЙРУЛЛИН кешеден бері қаладағы иістің қайдан келіп жатқаны туралы растау алып жатқанын жазып, жел бағыты бойынша ресурстың сілтемесімен бөлісті: «Иіс қайдан? «Қазгидрометтен» кешеден бері осы туралы растау алып отырмын. Ал бұл космостан жел бағытын бақылау. Бұл жақта (өзім талай жүріп тексердім) ең улы иісті жерлер Қашаған мұнайын өңдеу, тасымалдау, ілеспе суын буландыру залалсыздандыруға байланысты.

Негізі халықаралық та, ресейлік те зерттеушілер улылық 50 шақырымға әсер етеді деп айтып кеткен. Құжаттарды құпия қылды».

Оның пікірінше, бұл иіс Қашағанның сасық мұнайының иісі және «Болашақ» зауыты мен «Қазтрансойл» ПЖРТО компанияларын атап өтті. Әзірге бұл компаниялардың, «Қазгидрометтің» немесе экология департаментінің өкілдерінің ешқайсысы жазба астына жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. Бірақ Ғалым ЕМБЕРГЕНОВ есімді қолданушы иіс адамның жүрегін айнытып тұрғанын жазады. Тағы бір комментатор «Жел жоғарыдан соғып тұрғандықтан, иіс 5 шақырым жердегі сасық кәріз суы жақтан шығады» деп есептейді.

Біз экология департаментіне «Тұрғындардан шағым түсіп жатыр ма, қатты иіс қайдан келіп жатқанын қызметкерлер тексерді ме, нәтижесінде не анықтады?» деген сауал жолдадық. Жауап бірден келді.

Атырау облысы бойынша экология департаменті 25 наурыз күні Атырау қаласында атмосфералық ауадағы жағымсыз иіс бойынша департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары қала аумағында орналасқан ауа сапасын бақылау станцияларының атмосфералық ауа сапасына мониторинг жұмыстарын жүргізді.  Департамент «Air kz» желісі мәліметіне сәйкес, осы жылдың 25 наурыз күні күкіртсутегі ластаушы заттары бойынша  № 112 «Акимат», № 113 «Авангард», № 109 «Восток» автоматтандырылған ауа сапасын бақылау станцияларында күкіртсутегінен 16 есе дейін рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі тіркелгенін растады. 

- Бұл күні  көшпелі бұлтты, күннің аяғында жаңбыр. Солтүстік- батыс -шығыстан жел соғады, күші 5-10 м/с. Ауа температурасы түнде 4-6, күндіз 12-14 жылы. Бұл бағытта Атырау қаласының оң жақ бөлігінде «Квадрат» су булану алаңы, «Тазалық» бағдарламасымен су булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары (рекультивация) жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, Атырау облысы бойынша экология департаменті «Казгидромет» РМК Атырау филиалы сынақ зертханасы мамандарымен бірлесіп  Атырау қаласының ауа сапасына мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп жауап берді «АЖ».

Бұған кейбір тұрғындар: «Неге рекультивация туралы алдын ала хабарлап, жағымсыз иіс шығуы мүмкін екенін, түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз деп ескертпейді?» деп реніштерін білдіруде. Бұл өте қисынды, ең болмағанда қала тұрғындарына келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраса болар еді.

Материалды дайындағаннан кейін Өңірлік коммуникациялар қызметі қосымша ақпаратпен хабарлама жариялады.

Талдау жұмыстары «Квадрат» булану алаңына, арнайы санитариялық қорғау аймағына және АМӨЗ аумағына жүргізілді. Нәтижесінде «Квадрат» су булану алаңы маңында солтүстік-шығыстан секундына 4 метр соққан желден күкіртсутегі мөлшері 6,2 есеге дейін, санитариялық қорғау аймағында 21-25 есеге дейін, АМӨЗ-дің тұрғын үйлер аумағы айналасында 17,5 есеге дейін рұқсат етілген шекті шоғырланудан асып отыр.

Мониторинг корытындысы облыстық экология департаментіне жіберілді. Сонымен қатар, департамент және «Казгидромет» мамандары бірлесіп Сарыөзек ауылынан, солтүстік өндірістік аумақтың санитариялық қорғау аймақтарының бірнеше жерінен ауа сынамаларын алды. Алайда бұл орындарда ластаушы заттар нормативтен аспаған.

Айнұр САПАРОВА

Әлеуметтік желіден алынған видео, ЖИ жасаған сурет

25 наурыз, 23:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.