Әлеуметтік желіде Атырау облысы бойынша «Жанбай ҰҚК Шекара қызметі» әскери бөлімшесінде әскери борышын өтеп жүрген жігіттің екі аяғынан жарақат алып, жүре алмай қалғаны жайлы жазба тарады.
Жазба жігіттің анасы атынан жазылған. Жазба авторы ҚУАТОВА Орынша Бақтығалиқызы деп көрсетілген. Анасымен байланысу мүмкін болмады. Жазбаға оралсақ, “Әділдік іздеген ананың жанайқайы” деп аталған жазбаның авторы қайғылы оқиға биыл 10 қаңтарда күндізгі сағат 15:00 шамасында болғанын айтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жасаған ана әскерге сау кеткен ұлын ҚР әскери күші өз аяғына тұрғызып беруін талап етеді.
Оның жазуынша, 20 жастағы Қанат ЖАНБАЕВ былтыр 17 наурызда Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан әскерге аттанған.
Бес кісілік әскери УАЗ көлігінің тежегіші ұстамай жарға соғылып, ұлының екі аяғын тізесінен езіп жіберген.
Анасы ұлы Қанат ол кезде орынжай ішінде сым түзетіп отырғанын жазады.
Анасының желідегі жазбасы бойынша, көлік сол орынжайдың ішіне кіріп кетіп, орнынан тұрып қашып үлгермеген Қанатты жарға тақап, екі тізесінен төмен езіп жіберген. Анасының сөзінше, көліктің дыбыс сигналы да жасамайды.
— Мұндай тежегіші ұстамайтын, қоңырауы жасамайтын жарамсыз автокөлікті іштегі әскери борышын өтеп жүрген жас жігіттерге кім сеніп тапсырған? Жауаптылар қайда? (УАЗ автокөлігінің тежегіші ұстамайтынын сараптама дәлелдеді, әскери полицияда дәлелді құжаты бар), - деп сауал тастаған ана кейін не болғанын былай баяндайды: «Ұлымның екі аяғы автокөлікке жаншылып қалғаннан кейін оны дереу Исатай ауданы Ақыстауға алып кетіп, сол жерден гипстеген. Кейін Атырау облыстық ауруханасына жеткізіп, 12 қаңтарда ота жасатқан. «Біз отасын жасадық, міндеттен құтылдық» деп, Атырау облысы ауруханасы ұлым Қанатты ол жерден шығарып жіберген. Одан әрі ұлым Қанат Атыраудағы әскери “санчастьта” болды. Кейін ұлымды Алматыға алып кетіп әскери госпитальға салды. Содан ұлым күні бүгінге дейін сол госпитальда жатты. Кешегі наурыздың 17 жұлдызында ұлымның үйден әскерге аттанғанына тура бір жыл болды. Яғни, бұйрық шығып, әскери мерзімі бітті деген сөз. Ұлыммен бірге әскерге аттанған сарбаздар мерзімдерін аяқтап үйлеріне қайтты. Өзін жапанда жалғыз қалған адамдай сезінген ұлым Қанат көштен қалмайын деп, жастығымен, тез жүріп кетсем екен деген ниет құлшынысымен тыраштанып, бар әрекетін жасауда. Алайда, бәрібір теңселме адымнан аса алмай тұр».
Анасы ұлы әлі госпитальда жатқанын жазады. Оның сөзінше, арнайы комиссия 17 наурызда ұлын [қызметке – А.С.] жарамсыз деп таныған.
- «Мен ұлымды Отан қорғасын деп әскерге сау күйінде жібердім. Ұлым әскери қызметкерлердің салғырттығынан, жауапсыздығынан жастай мүгедекке айналды. Ұлымның арман-қиялы, өмірге деген құштарлығы, болашағы зор еді ғой. Енді не болды? Енді ұлым қалай күн көреді? Ұлым тым жас емес пе? Ол үйленбей ме, шаңырақ құрмай ма? Ұлым өмірден безініп уайымнан жастай шөгуі керек пе? Ұлымның тағдыры ары қарай не болмақ? Бұған кім кінәлі? Енді не істеймін? - деп жанын жеген сұрақтарды қойып, шырқырап әділдік іздеген ана әрі қарай әскерде жиілеген осыған ұқсас қайғылы жағдайларға қатысты ашу-ызасын білдіріп, былай деп жазады:
«Қазақстан әскерияты сау адамды мүгедекке айналдыру үшін құрылған ба? Әскерге барған жастар таяқ жеп жатыр, ұрылып, зорланып жатыр, қыспаққа шыдамай әскерден қашып жатыр, соңында ауыр сынақтарды көтере алмай суицид жасап, дарға асылып, басқа да құпия өлімдермен өліп жатыр. Әскерге министр мен депутаттардың балаларын алып кетуге қауқарсыз әскери басшылық қарапайым қара халықтың ұлдарын көшеден теріп, қуып ұстап әскерге зорлықпен өткізіп жатыр. Сүйреген ит аң ала ма? Нәтижесі трагедия. Біздің елде әділеттілік бар ма? Жаңа Қазақстан деген осы ма?».
Жазба астында кейін облыстағы шекара қызметінің басшыларына айтылған тағы бір жазба пайда болды. Онда да сала жауаптыларына сауал тасталған. Мәтіні мынадай: «ҚР ҰҚК ШҚ Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әбесов Әділ Нұрсағатұлы, ҚР ҰҚК ШҚ Атырау облысы бойынша департаментінің бастығының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Әбильбеков Жумахан Муханович, Батыс аймағының әскери прокуроры, әділет подполковнигі Рахматулин Касен Жусупович, Батыс аймағының әскери прокурорының орынбасары, әділет майоры Нұрғазы ұлы Алғатай, ҚР ҰҚК 7ӘПБ бастығы майор Болатов Саламат Болатович, ҚР ҰҚК ӘҚБ бөлімінің бастығы подполковник Керимбаев Айбек Жомартович, басқада тиесілі орындар, сіздер бұған не айтасыңдар?».
Біз болған жағдайды растаған ҚР ҰҚК ШҚ Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне жауапты өкіл Бауыржан ҚОЖАНТАЙДАН комментарий сұрап едік. Мейрамға дейін ол «аталған оқиғаға байланысты ҰҚК баспасөз қызметі жауап беретін болады» деп жауап берген еді.
Айнұр САПАРОВА
Әлеуметтік желіден алынған сурет