Биыл бұл балаларға арналған екінші маусым. Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің бірлескен жоспарының арқасында оқушылардың мағыналы, белсенді демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыруға мүмкіндік туып отыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ақтөбе және Атырау қалаларынан келген әскери қызметшілердің балалары алдымен Алматыға әскери-көліктік авиация ұшағымен, содан кейін автобуспен Қонаевқа жеткізілді. Мұнда Қапшағай су қоймасының жағасындағы курорттық аймақта «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы орналасқан.
– Оқу-ағарту министрлігімен уағдаластығымыз жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған. Қазірдің өзінде біз бірлескен жоспарды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Қонаев гарнизонында үш сынып құрылды. Олар әскери істің негіздерін үйренуге қажетті жабдықтармен жасақталған. «Балдәурен» орталығының тәрбиеленушілерімен кәсіптік бағдар беру жұмыстарымен айналысатын АӘД оқытушыларының қосымша лауазымын енгіземіз, – деді ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман АСЕНОВ.
Қонаев гарнизонында балаларға түрлі тақырыпта сабақ өткізу үшін әскери бөлімдерге бару жоспарланған. Оқушылар саперлер, десантшылар қызметінің ерекшеліктерімен танысады. Одан өзге оларға әскери техника мен қару-жарақ, әскери қызметшілердің жабдықтары көрсетіледі.
Таңертең «Балдәурен» орталығында мектеп бағдарламасының пәндерінен сабақ өткізіледі. Ол үшін филиалдарда барлық қажетті оқулық бар. Түстен кейін сауықтыру, спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтеді. Демалу уақыты – үш апта.