Атырау қаласындағы апатты деп танылған Бейбітшілік көшесі, 64 үй және Байжігітов көшесі, 76 үй мекенжайындағы көпқабатты үй тұрғындарына Самал ықшамауданындағы «Samal Town» жеке тұрғын үй кешенінен жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Дегенмен, қалада тозығы жеткен, тұрғындары қоныстануды күтіп жүрген ондаған үй бар.
- 24 отбасыға кілтін табыстадық. Көктем айларында апатты деп танылған тағы екі үйдің 19 отбасын жаңа баспанаға көшіру жоспарланып отыр, - деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан САЯСАТ.
Жатақхана қашан сүріледі?
Осындай жаңа, қауіпсіз баспанаға көшудің кезегін күтіп жүргендердің бірі Азаттық даңғылы, 67а мекен-жайындағы жатақхана тұрғындары. Олардың баспанасы 2022 жылы сүріледі деп уәде берілгенімен тұрғындар әлі апатты үйде тұрып жатқанын айтып, редакцияға хабарласты.
- Владимирский көшесіндегі №99 және Азаттық даңғылы, 67а жатақханалар тұрғындарын көшіру мәселесі Береке шағын ауданында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй құрылысының аяқталуына байланысты қаралады, - деді қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде қала бойынша тозығы жеткен көпқабатты 80 үй бар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ