Өңірде 1 қаңтардан бастап «Еурохаттама» мобилді қосымшасы арқылы 15 ұсақ жол-көлік оқиғасына қатысушы жүргізушілер полицияның қатысуынсыз және сотқа жүгінбей-ақ жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды рәсімдеген.
Бұл қосымшаның көмегімен жүргізушілер жол-көлік оқиғасы фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
Еурохаттама арқылы жол-көлік оқиғаларын рәсімдеу үшін міндетті үш шарт бар. Яғни, жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде, жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болса және өзара келіспеушіліктер орын алмаса, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы кезінде денсаулыққа зиян келмесе және көлікке келтірген залал сомасы 100 АЕК-тен (369 000 тг) аспаған жағдайда еурохаттама толтырылады.
Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын рәсімдеу үшін мобилді телефонға «Еурохаттама» қосымшасын жүктеп алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиға материалдарының фото және бейнесін салу керек. Қажет болса қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жүргізушілер жақын жердегі полиция бөлімшесіне жүгіне алады. Олар қосымшаны пайдалану кезінде көмек көрсетеді.
Еурохаттаманың мынадай артықшылықтары бар. Яғни, азаматтарға ұсақ жол-көлік оқиғаларын рәсімдеу үшін полицияны күту қажеттілігі болмайды және жолдағы кептеліс азаяды. Жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Әкімшілік және сот рәсімдерінің болмауына байланысты сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Дәлірек айтса, егер бұрын осының бәрі 30 күннен 90 күнге дейін уақыт алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға 5 күн уақыт ғана кетеді.
Полиция департаментінің мәліметінше, биыл ұсақ жол-көлік оқиғасы бойынша 15 еурохаттама толтырылған.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА