Қызылқоға ауданының 80 жылдығына орай қазақ күресінен алғаш рет «Ұстаз барысы» облыстық турнирі өтті, деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Турнирге Атырау қаласы мен барлық ауданнан 23 ұстаз қатысты.
Турнир қорытындысы бойынша 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Ұстаз барысы» атағын Ы. Шөреков атындағы Қызылқоға орта мектебінің мұғалімі Сағат Ғазимов жеңіп алды. 2-орынды бір салмақта сынға түскен атыраулық Бекзат Шакупов, 3-орынды индерлік Бейбарыс Қуанышев пен атыраулық Шалқар Таңатар бөлісті.
Салмағы 80 келіден асатын «Ұстаз барысы» атағын Қызылқоға ауданының тумасы, Д.Қонаев атындағы BINOM мектеп-лицейінің мұғалімі Руслан Ізғалиев иеленді. Екінші орын индерлік Фархад Серіковке, үшінші орын атыраулық Жеңісбек Төлеуовке бұйырды. «Ұстаз барысы» атағын алған ұстаздарға 200 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды, ал «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша мақаттық Асқар Бағытжанов пен исатайлық Ерлан Құрманғалиев арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан басқа, шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен ардагер ұстаз Рахмет Ғалиахметов «Тәлімгер» төсбелгісімен, Оңаш Құмаров пен Шойын Ізімқұл «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, ауданның білім саласын дамытуға қосқан үлесі және жас ұрпақты тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ауданның бас педагогы Гүлфайруз Анжанова «Білім берудегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, ал ардагер ұстаздар Ришат Ғалиахметов пен Бауыржан Досқалиев облыстық кәсіподақ ұйымынан республикалық шипажайға жолдама алды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ