Қаламызда сот актілерін орындамаған борышкерлерді тексеру және ескерту жұмыстарына арналған рейдтік шаралар басталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы әділет департаменті, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және Атырау облысының полиция департаменті, Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаментімен алимент өндіру жөніндегі атқарушылық құжаттарын орындауға бағытталған өзара бірлескен іс-қимыл тәртібі туралы бұйрығы негізінде рейдтік шаралар жүргізілуде.
- Аталған рейдтің мақсаты - атқарушылық құжаттардың орындалуын жүзеге асыру. Алимент төлемдері бойынша жалтарып жүрген борышкерлерді іздестіру, олардың мекенжайын анықтау, борышкердің жылжымалы мүліктерін арнайы айыппұл тұрағына қою бойынша шаралар жүргізіліп жатыр, - деді облыстық Әділет департаментінің Атырау қалалық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің басшысы, аға сот орындаушы Салтанат Кужанова.
Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар тоқсан сайын ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жеке сот орындаушыларының ұсынысы негізінде алимент төлеуден жалтарған 53 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Статистикаға сүйенсек, бүгінгі күні Атырау облысы бойынша мемлекеттік және жеке сот орындаушыларында 9640 адамның алимент өндіру туралы атқару құжаттары болса, оның ішінде 5199 адамның құжаты мерзімді орындалып отыр, яғни жалақыдан ұсталады, ал 1875 борышкер өз еркімен орындап отыр. Қалған 2566 адам алименттен әдейі жалтарғандар. Жалпы борышкерлердің қарызы 162 млн 363 мың 872 теңгені құрайды.