Атырау, 25 қараша 07:10
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Шектелме» жобасының қатысушылары алғашқы табысын тауып бастады

Сурет
1 374 просмотра
freepik.com

Атырауда жұмыссыз жастар «Шектелме» жобасының аясында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп жатыр. Олардың арасында Саңыраулар қоғамына мүше қыз-жігіттер де бар. Олар курс мазмұнын сурдоаудармашы көмегімен меңгеріп, қуантарлық нәтиже көрсетіп отыр. 

Соның бірі Нұрберген ДАУЛЕТБАЕВ, 24 жаста:

- Жастарды жаңа мамандыққа оқытып жатқаны жөнінде достарымнан естідім. Сөйтіп сурдоаудармашыма осы курсқа қатысып, қосымша білім алғым келетінін жеткіздім. Сұранысқа ие бірнеше мамандықтың ішінен өзімнің жаныма жақын мобилографияны таңдадым. Мобилограф болып табыс табу көптен ойымда жүрген арман еді. Себебі қоғамда біз секілді саңыраулардың қалаған сүйікті жұмысына орналасуына шектеулер көп, сондықтан көпшілігі қара жұмысқа кетіп жатады. Офлайн курс барысында тек мобилографиның қыр сырын емес, бастапқыда қандай клиенттерге ұсыныс жасап, алғашқы табыс табуды меңгердім, - дейді. 

Нұрберген қазіргі кезде курс соңында берілген тапсырма бойынша Атырау қаласының тыныс тіршілігін видеоға түсіріп, тәжірибе жинап жүр. Қолымды әбден үйретіп алғасын сурдоаудармашыммен бірге кәсіп иелеріне коммерциялық ұсыныс жасауды жоспарлап жүрмін дейді. 

Соңыраулар қоғамы Атырау облыстық филиалының мәліметінше, есту қабілеті бұзылған адамдар негізінен жұмысшы, яғни тігінші,  техникалық қызметкер секілді жұмысшы мамандықтарда еңбек етеді.

 - Көптеген ұйымдар адамдармен тіл табысу қиын деп, қоғам мүшелерін жұмысқа қабылдаудан бас тартады. Бірақ өз сурдоаудармашылары бар біздің ұйым барлық салада аударма қызметін көрсетеді, жұмысқа тұруына, келіссөз жүргізуіне ықпал жасаймыз, дейді сурдоаудармашы Фарида ҚАЛДЫҒАРИЕВА.

Айта кетейік «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Жаңаша» ҚҚ-ының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан жұмыссыз жастарды мамандықтарға тегін оқыту курстары жыл аяғына дейін жалғаса береді. Жоба тек Атырау, Құлсары және Мақат жастарына арналған. Әлеуметтік жобаға Атырау облысының ішкі саясат басқармасы мен Жылыой, Мақат аудандық әкімдіктері қолдау көрсетіп отыр. 

- Мобилография, маркетинг және графика дизайнері бойынша бірінші лекті аяқтаған 40 адам сертификат алып, біразы алғашқы табысын тауып бастады. Қазір сәуірде өтетін копирайтинг, SMM, сайт жасау курстарына тіркеу басталды. Біздің мақсат - жұмыссыз жастардың табыс көзін табуына көмектесу. Білім алуға ниеттілердің қатары көп. Бірінші кезекте жұмыссыздарды тіркейміз, содан кейін қосымша табыс табу мақсатында жаңа бағытты меңгергісі келетін жастарды қамтимыз, - дейді жоба жетекшісі Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

19 наурыз, 13:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.