Атырау, 25 қараша 07:12
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өңірде «Отау» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталды

1 224 просмотра

1 наурыздан 30 сәуірге дейін өтінімдер қабылданады. Мамырдың 1-і мен 14-і аралығында балл беріледі. 15 мамырдан бастап үміткерлердің төлем қабілетін бағалайды және оны растаған қатысушы алты ай ішінде үй алып, ипотека рәсімдеп үлгеруі керек, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.  

Өтінімдер Баспана маркет порталында, яғни otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылданады. Банк жылына бір рет өтінім қабылдайды. Алайда бағдарлама 7 жыл жұмыс істейді. Сондықтан биыл жолыңыз болмаса, келесі жолы тағы бақ сынауға мүмкіндік бар. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мугалимов баспасөз брифингінде мәлім етті.

«Отау» бағдарламасына Отбасы банк салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар және онда кемінде 18 ай мерзіміндегі депозиті бар, сондай-ақ жинақ шотында өтінім беру сәтінде кемінде 1 млн теңге жинақ сомасы бар адамдар қатыса алады. Сонымен қатар қатысушының жасы - 18-ден 63 жасты қоса алғанға дейін және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.   

Бағдарламаға «Баспана» депозиті бар адамдар өтініш бере алады. Егер клиентте басқа тарифтік бағдарламалар (Кемел, Болашақ, Өркен және т.б.) бойынша депозит ашылған болса, онда оларды кредиттік өтінімді қабылдау кбарысында «Баспана» тарифтік бағдарламасына ауыстыра алады.

- «Отау» бағдарламасына «Табысты», «Арнау» және «Жинақ» депозиттері бар банк клиенттері қатыса алмайды. Бұл депозиттер бойынша тарифтік бағдарламаны өзгерту қарастырылмайды және олар бойынша тек тұрғын үй займы беріледі. Ал «Отау» бағдарламасы бойынша тек алдын ала займдар беріледі. «Отау» бағдарламасының несие талаптары бойынша бастапқы жарна - 20%. Ал мөлшерлемесі - 9% және несие мерзімі - 19 жылға дейін. Әр адам өтінімдерді іріктеу және балдарды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталында таныса алады, - деді Н.Мугалимов.

Сондай-ақ ол, «Отау» бағдарламасы бойынша бір кредит аясында тұрғын үй сатып алу және жөндеу үшін ақша алуға болатындығын атап өтті. Бірақ кредиттің жалпы сомасы рұқсат етілген ең жоғарғы сомадан аспауы маңызды. Рұқсат етілген ең жоғарғы сома - Алматы, Астана қалалары үшін 30 миллион теңгеге дейін болса, қалған өңірлер үшін 18 миллион теңгеге дейін. Әрі жөндеуге арналған займ сомасы кредиттің жалпы көлемінің 30%-нан аспауы тиіс.

- Банк шарты бойынша 30 және 18 млн теңге — қарыздың ең көп мөлшері. Бірақ айта кететін жайт, бұл бағдарламаны Отбасы банк тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырады. Яғни, азамат 100 % соманы қарызға алады, ал бастапқы жарна яғни, алған соманың 20% біраз уақыт депозитте сақталады. Сол себепті келісім жасағанда үстінен тағы ақша қосу қажет болмаса, 30 және 18 млн теңге бағаға қатысты лимит болады. Егер қымбатырақ пәтер алғыңыз келсе, қалған ақшаны өз қалтаңыздан төлеу керек болады, - деді Н.Мугалимов.

14 наурыз, 18:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.