Атырау, 25 қараша 08:06
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Эльмираның аманаты - 2

1 484 просмотра

Бұрын да "АЖ" Исатай ауданы Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны Элмира ЖҰМАҒАЛИЕВА анасы аманаттап кеткен ақыл есінен ауытқушылығы бар мүгедек 3 бауырын бағып отырғаны жөнінде жазған болатын. Бұдан кейін не өзерді, аудандық әкімдік баспанасын жөндеп береміз деген уәдесінде тұрды ма - тілшіміз осы тақырыпқа үш жылдан кейін қайта оралуды жөн көрді. 

Баспанадан күй кетті 

Естеріңізге сала кетейік, Х. Ерғалиев ауылында бала кезден психоневорологиялық сырқаттығы жөнінде есепте тұрған 1975 жылғы Арман,1987 жылғы Дамир, 1991 жылғы Дәуренді қанатымен су сепкен қарлығаштай нәзік жанды Эльмира жалғыз өзі бағып-қағып келеді. Кезінде қайтыс боларының алдында анасы бауырларын аманаттап кеткеннен бері Элмира жалғыз өзі бас-көз болып, жуындырып, тамақтандырып, сырқаттана қалса сағаттап қастарында отырып, күні-түні бауырларына қамқор болып жүр. 

Эльмира осы күнге дейін бауырларын бағудың қиындығы жөнінде ешкімге міндеттеніп жария қыла шағынған емес, ешкімнен көмек те сұрамаған. Оның қайсарлығын ауылдастары жақсы біледі. 

Алды 50 жасқа жетіп қалған соқталдай бауырларын бағудың қиындығынан гөрі Эльмираны баспана жайы мен мүгедек бауырларының тұрмыстық жағдайы мазалайды. 

1970 жылы саман тастан салынған үй әбден тозып, апатты күйге жетті десе болады. Жаңбыр жауса шатырынан су кетеді, терезелері ағаштан болғандықтан оны ашу мүмкін емес, сондықтан желдетілмейді. Едені сыз, есіктер дұрыс жабылмайды, қабырғасы тек майлап-сайлаудың күшімен тұрған екі пәтерлік үйдің жапсарлас бір жақ бөлігінде басқа жандар тұрады.

- Қыс кезінде тіптен қиын болды, терезе жақтан, іргеден келген суықтан бауырларым жылына алмай бүрсеңдеп жатты. Амал жоқ, іргелерге айналдыра картон қағазбен қамсау болар ма деп қоршап қоямын. Суық үйде оларды жуындыру тіптен азап. Жиі ауырып қалады, амал жоқ бар мүгедектікке тағайындаған жәрдемақыларын аямай дәріге жұмсаймын, ол да кейде жетпей" жатады. Үй тек өзімнің күшіммен майлап, әктеп, сырлауымен тұр, саман тас болғандықтан іргетасы жоғалып, қабырғаларының сылақтары жиі түседі. Жасыратыны жоқ, бір бөлмені жуындыру, дәрет сындыруға айналдырып отырмын. Үйде әжетхана жоқ, биотуалетті пайдаланамын. Бір бауырым өздігінен отыра алмайды, менің көмегімсіз олар тамақ іше, киіне де, өмір сүре де алмайды, - дейді Элмира ЖҰМАҒАЛИЕВА.

Әкімдік уәдесінде тұра ма?

Эльмира мектепте еден жуады, үш бауыры ІІ-топ мүгедектігіне байланысты әрқайсысы 70 мың теңге жәрдемақы алады. Эльмираның өз балалары студент. Оның айтуынша, психоневрологиялық ауытқу болғандықтан, бауырларын аудан орталығына апарып, арнайы комиссиядан өткізу қиын болғандықтан тек қана тұрақты түрде екінші топ белгіленген.

- Екінші топ мүгедегі болғандықтан олар жұмысқа жарамды болып есептеледі. Мына түрлерімен олар жұмыс қалай істейді? Оларға түпкілікті бірінші топты белгілемей тұр, сондықтан бізде күтуші жоқ. Дәурен інім мүлдем жүре алмайды, жүресінен отырып қалған күйде. Оны көтеріп қана жәрдемдесемін, қасық ұстай алмайды. Оған мүгедектік арба болса жақсы болар еді... Мен жұмыстан келгенше көздері жәутеңдеп күтіп отырғаны. Памперспен толық көмектесіп отыр, ол жеткілікті, жеткізуге тырысамын, - дейді Элмира.

«Ақ Жайық» газетінде 2021 жылдың 24 маусымында Эльмира туралы мақала жарияланған кезде Исатай аудандық әкімшілігі «еріктілердің көмегімен Жұмағалиевтардың үйіне жәй жөндеу жұмыстарына жәрдем беріледі» деген болатын. Бірақ оның бәрі құр сөз болып қалды. Осы мақаланы даярлау кезінде Исатай ауданы әкімі Нұрым МУСИНГЕ тікелей хабарласқан болатынбыз. Кейін іле-шала мына тұрғыда хат жіберілді: «Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны Элмира Жұмағалиева Новобогат мектебінде тазалықшы болып қызмет атқарады. Үш бауырын күтіп бағып отыр. Інісі Дәурен Жұмағалиев халықтың әлеуметтік осал тобының 1-2 топтағы мүгедек санаты бойынша 146-шы болып үй кезегінде тұр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан күтуші тағайындалып, күтіп баққаны үшін жәрдемақы төленеді. Қазіргі уақытта үй шатырын, сыртқы дәлізді, қоршауларын жаңалап жөндеп беруді сұрап отыр. Сол себептен ауылдық округ әкімдігімен кіреберісі бұзылып, қоршауын жаңалауға көмек көрсетілетін болады». 

Э.Жұмағалиева осы күнге дейін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан күтуші тағайындалмағанын, бауырларын күтіп баққаны үшін ешқандай жәрдемақы алып көрмегенін айтты. 

Кіреберіс дәліз бен қоршауды жаңалаймыз (әкімдік уәдесінде тұрса) деген жаңалыққа ол қуанды, бірақ су сорғалаған шатырын, ескірген терезе мен есіктерін ауыстыруды, канализация жүйесін тартып әжетхана мәселесі қалай шешілер екен? Ол туралы жазылмаған. 

Мүмкін Атымтай Жомарттар табылып көмектесіп, жәрдемдесемін десе Э. Жұмағалиеваны Х. Ерғалиев ауылынан табатынын ескерткіміз келеді. Оған кез-келген көмек артық етпейді. 

Kaspi Bank-ке тіркелген Эльмираның номері +7 778 160 2027

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

Суреттерді түсірген автор

15 наурыз, 12:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.