Ресей әскери-техникалық тұрғыда ядролық соғысқа дайын, алайда Украинамен соғыста ядролық қару пайдаланбайды. РИА "Новости" агенттігінің жетекшісі Дмитрий Киселевке берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин осылай деп мәлімдеді. 12 наурызда жазылған сұхбат сәрсенбі күні Кремльдің сайтында жарияланды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Киселев ядролық соғысқа дайындалуға шақырған радикалды философ Александр Дугиннің сөзіне сүйене отырып, сұрақ қойды. Путин Дугиннің көзқарасы туралы пікір білдірген жоқ, бірақ Ресей әскері мұндай соғысқа дайын екенін, ал ядролық күштер жоғары деңгейдегі дайындықта екенін атап өтті. Путин сонымен бірге Ресейдің ядролық триадасы АҚШ-тыкына қарағанда әлдеқайда "жаңа" екенін жеткізді.
Ресей президенті бұл жолы "Ресей бірінші болып ядролық соққы жасауы мүмкін" деп айтпады. Тек "АҚШ ядролық соғыс ашса ғана Ресей жауап беретінін" айтты. Ол сонымен бірге Ресейде ядролық сынақ жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығарды.
Оған 2022 жылы күзде Украинадағы соғыста Ресей әскері жеңіліп жатқан шақта Ресей "ядролық соққы жасауды жоспарлады ма" деген сұрақ та қойылды. АҚШ-тың бұған алаңдап отырғанын сол кезде Американың ақпарат құралдары хабарлаған.
Бұл сұраққа жауап берген Путин оған "ешқандай қажеттілік болған жоқ" деді, себебі оның сөзінше, Ресей әскері жоспарға сәйкес Херсонды тастап шыққан. Ол ядролық доктринаға сүйене отырып, "ядролық қару мемлекеттің жойылу қаупі туындаған шақта пайдаланылуы мүмкін екенін" айтты.
Путин Украинадағы соғысты бітіру бойынша "келіссөзге дайын" екенін қайталады, алайда оның сөзінше, келіссөз кезінде майдан сызығы ескерілуі керек екенін атап өтті. Бұған қоса, Ресей қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі қаралуға тиіс.
Дегенмен сөз арасында "оларда оқ-дәрі біткені үшін келіссөз жүргізу қисынсыз сияқты" деді Путин.
Ол Ресей үшін Мәскеуді келіссөзге итермелеп жатқан Батыс саясаткерлері қауіптірек деп мәлімдеп, олар "Ресей қоғамына да әсер етіп жатқанын" айтты. Бірақ нақты ел немесе адамдардың аты-жөнін айтпады.
Путин Украинадағы соғыстың әрі қарайғы мақсатына тоқталмады, алайда Кисилев "Одесса – орыс қаласы" және "бұл бағытта зор үмітіміз бар" деген кезде "әрине" деп жауап берді.
Путиннің сұхбаты Ресейде президент сайлауына екі күн қалғанда жарияланып отыр. Путин бесінші мерзімге сайланайын деп жатыр. Көптеген сарапшы оның сайлауда жеңететініне күмәнданбайды. Тәуелсіз сарапшылар мен бақылаушылар Ресейдегі сайлаулардың әділ, адал өтпейтінін айтады. Бұл жолғы сайлауға Путинді тікелей сынайтын немесе соғысқа қарсы бірде-бір тәуелсіз кандидат жіберілген жоқ.