Атырау, 25 қараша 06:50
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Облыста наурыз айына арналған мерекелік іс-шаралар кең көлемде аталып өтіледі

905 просмотра

Бұл туралы Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов пен Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Құралай Құмарова баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазақ халқымен бірге жасап, ұмытылмай келе жатқан Көрісу мерекесі күні облыста бірқатар іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, «Жақсылықтың бастауы», «Көрісейік ағайын», «Көрісу – ұлы мейрамның бір бөлігі» сынды т.б. мерекелік іс-шаралар бар. Көрісу күніне орай жоспарланған іс-шаралар музейлерде, кітапханаларда, театр мен облыстық филармонияға жоспарланған. 

-Көрісу күніне орай 14-наурыз күні күндізгі сағат 11.00-де Исатай-Махамбет алаңында үлкен мерекелік іс-шара өтеді. Ол жерде театрландырылған көріністер мен музыкалық қойылымдар болады. Бұдан бөлек наурыз айының 14-і мен 23-і аралығында наурызнаманың онкүндігі басталады. Ең алдымен, «Наурыз-базарлық» маусымы болады. Одан кейін 15-наурыз  қайырымдылық күні, 16-наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер» күні, 17-наурызда «Шаңырақ» күні мен 18-наурызда «Ұлттық киім» күні жоспарланып отыр. Әрі қарай 19-наурыз «Жаңару», 20-наурыз «Ұлттық спорт», 21-наурыз «Ынтымақ», 22-наурыз «Жыл басы», 23-наурыз «Тазару» күндері болып белгіленді, - деді Ж.Аманиязов.

Сондай-ақ оның айтуынша, облыстық және қалалық кітапханалар мен музейлерде аталған онкүндік аясында бірнеше іс-шаралар жоспарланған. Олардың тізімі алдын-ала Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен әкімдіктің сайттарында арнайы афишалармен жарияланады.

Ал 22-наурыз күні Исатай-Махамбет алаңында күндізгі сағат 11.00-де «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты театрландырылған, музыкалық қойылым өтеді. Қазіргі уақытта сахна құрылып, дайындық жұмыстары басталып кеткен.

-Биылғы наурыз мерекесі қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен өткізілетін іс-шаралар жоспары өзгешелеу форматта болады. Облыс көлемінде өткізілетін шаралардан бөлек, қала аумағында 21-наурыз күні «Ретро» саябақта, «Дина» сауда орталығында, «Жұлдыз-1» шағын ауданындағы №39 мектеп алдында тұрғындардың өз бастамасымен наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар өтеді. Оған қоса 22-наурызда Исатай-Махамбет алаңымен қоса, «Насиха» сауда орталығының алдында, С.Мұқашев алаңында, «Жеңіс» саябағында және т.б. жерлерде киіз үйлер құрылады, - деді Қ.Құмарова.

14 наурыз, 11:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.