Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Жолаушылар Тасымалы» АҚ-нан жолаушылар пайдасына материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Өткен жылдың тамыз айында азамат К. өзінің кәмелетке толмаған қызымен бірге «Атырау-Ақтөбе» бағыты бойынша пойызға теміржол билеттерін сатып алған. Вагонға отырғаннан кейін жолаушылар вагонның антисанитариялық жағдайда екенін, яғни лас, шаң, жуынуға арналған крандардан лас су ағып жатқанын анықтаған. Орындарды ауыстыру немесе басқа вагонға орналастыру туралы өтінішті қанағаттандырудан вагон бригадиры бас тартқан.
Талап қоюшы полиция қызметкерлерін шақырды, олар вагондағы санитариялық кемшіліктердің фото, видеожазбаларын түсіріп алып кеткен.
Талап қоюшы өзінің және кәмелетке толмаған қызы лас сумен жуынуына және пайдалануына, лас вагонда ұйықтауына тура келгенін, олардың денсаулығына қауіп төнгенін көрсете келе, соттан билет құнын қайтаруды және моральдық залалды өндіруді сұрады.
Антисанитариялық жағдайлардың фактісі азаматтық іс материалдарымен, учаске басшысы мен нұсқаушыға қатысты қозғалған әкімшілік істермен расталады.
Талап қоюшылар қызметті тұтынушылар ретінде жауапкерден тиісті сапалы қызмет алуы тиіс. Көрсетілген бұзушылықтармен талап қоюшылардың тұтынушы ретінде құқықтары бұзылғандықтан, сот талап қоюшы мен оның кәмелетке толмаған қызының моральдық азап шегу дәрежесін, жауапкердің кінәсін ескере отырып, моральдық зиянды өндіру туралы арызды қанағаттандырды.
Соттың шешімімен жауапкерден жолаушылардың пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян және 200 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығыны өндірілді.
Билет құнын өндіру туралы талапты сот қанағаттандырудан бас тарту қажет деген қорытындыға келді, себебі олар билет бойынша белгіленген орынға жетті, яғни тасымалдау шартының талаптары толық орындалды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.