Ресейдің Иванов облысындағы әскери аэродромға Ил-76 әскери-тасымал ұшағы құлады. Ұшақтың ұшу кезінде қозғалтқышы жанған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Ресей қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, ұшақта сегіз экипаж қызметкері мен жеті жолаушы болған.
Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер апат кезінде өз облысынан шыққан ұшқыштар қаза болғанын мәлімдеді.
Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя да апаттан қаза болған ұшқыштар арасында тверлік әскери ұшқыштар барын жеткізді.
Экипаж қозғалтқыштан шыққан өртті байқап, аэродромға кері оралмақшы болған. Өрт сөндіру жүйесі қозғалтқыштағы өртті сөндіре алмаған.
Ұшақ Богородское ауылынан бірнеше шақырым жердегі ұшу-қону жолағына құлаған.
Ресей қорғаныс министрлігі ұшақ рейсінің жоспарлы болғанын мәлімдеді. Бірақ онда жүк болған-болмағанын айтпады. Ұшу қауіпсіздігі ережесін бұзу туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Северный аэродромында алыс қашықтықтағы радиолокациялық анықтау ұшағы (А-50), әскери-көлік авиациясы және әскери-көлік авиациясының ұшқыштарын қайта даярлау орталығы орналасқан.