Атырау, 25 қараша 06:51
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әйелдердің кәсібін қолдауға арналған She’s Next жобасының үшінші толқыны басталды

PR Сурет
808 просмотра

Visa мен Halyk Bank-тің қазақстандық әйелдердің кәсібін қолдауға арналған  She’s Next жаһандық бастамасына өтінім қабылдау кезеңі басталды. She’s Next жобасына өтінім берген кез келген әйел 20 млн теңгеге дейін төменгі пайызбен несие ала алады. Ал жобаның әр санаты бойынша жеңімпаздарға 7 млн теңге грант берілсе, бұдан бөлек онлайн дауыс беру кезінде қалықтың көп дауысына ие болған 2 үміткер  «Халық таңдауы» номинациясы бойынша 3 млн теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болады. 

Айта кетейік, қайтарымсыз грант бизнесі бар әйелдер арасында және кәсібін енді бастап жатқан қыз-келіншектер арасында екі бөлек ұйымдастырылатын болады. Бұл туралы She’s Next жобасының үшінші толқынының ашылуына орай 5 наурыз күні Атырау қаласында өткен брифингте Visa компаниясының Орталық Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Салтанат Марат айтып берді. 

She’s Next - цифрлық төлемдер индустриясының әлемдік көшбасшысы Visa компаниясының жаһандық бастамасы. Бастаманы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстанның ASMAR ұлттық кәсіпкер әйелдер қауымдастығы да қолдап отыр.

Бағдарлама 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Биыл 3-толқынның  ерекшелігі - еліміздің барлық облысы мен қалаларынан келген кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға және жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр.   

Жобаға жеке кіші немесе шағын бизнесі бар Қазақстан Республикасының азаматшалары, сондай-ақ Қазақстан азаматшалары болып табылатын жаңадан кәсіп ашуды жоспарлап жүрген кәсіпкер әйелдер қатыса алады. Жобаның мәресіне жету үшін әйел кәсіпкерлер бірнеше кезеңнен өтуі керек.

Атырау қаласынан басталған She’s Next Day танысу жиындары бұдан кейін Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында 13 маусымға дейін жалғасады.

 - She’s Next бастамасы әйелдердің кәсібін қолдауға және дамытуға бағытталған. Жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге, төрт жеңімпазға беріледі. Оған ісін жаңадан бастаған кәсіпкер де, тұрғылықты жеріне қарамастан, жұмыс істеп тұрған бизнесі бар адамдар да қатыса алады. Ол үшін She’s Next платформасында тіркеліп, тренингтер мен сынақтардан өтуі тиіс, - деді Салтанат Марат. 

Оның айтуынша, тіркеуден өткен қатысушылардың барлығы тегін білім курстарынан өтіп, сертификат ала алады. Одан соң кәсіпкерлер грант үшін өзінің бизнес жобаларын сарапшыларға ұсына алады. Айта кетейік, оқудан және тестілеуден өтіп, білім беру сертификатын алған барлық қатысушы Halyk-тан 8% мөлшерлемемен 20 млн теңгеге дейін жеңілдігі бар қаржыландыруға ие бола алады.

Білім беру бағдарламасы 14-28 маусым аралығында She’s Next ресми парақшасында онлайн түрде ұйымдастырылады. Оқу аяқталғаннан кейін кәсіпкерлер білімін тестілеу арқылы тексере алады.  Ал бизнес-жоспарларды ұсыну  29 маусымнан 10 шілдеге дейін жоспарланған, одан әрі қарай іріктеу кезеңдеріне басталады.

Visa компаниясының Орталық Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Салтанат Марат айтып өткендей, іріктеу кезеңдері 22-26 шілде аралығында өтеді. Әр санаттан 4 финалист таңдалып, жобалар онлайн платформада халықтың дауысына салынады. Оның қорытындысы бойынша екі қатысушы "Халық таңдауы" номинациясы бойынша 3 миллион теңгеге грантқа ие болады. Осы номинация бойынша жеңімпаздар Halyk-тан 30 млн теңгеге дейін 8% мөлшерлеме жеңілдігімен қаржыландыру ала алады. She’s Next Pitch Day финалына қазылар алқасының мүшелеріне өз жобасын ұсынатын қатысушылар жиналады, одан екі жеңімпаз таңдалады, олардың әрқайсы бизнесті дамытуға жеті миллион теңге алып, марапатталады. Сондай-ақ Halyk-тан "Бастаушы бизнес" санатында 8% мөлшерлемемен 40 млн теңгеге дейін және "Қолданыстағы бизнес" санатында дәл сондай мөлшерлемемен 50 млн теңгеге дейін жеңілдікпен қаржыландыру алу мүмкіндігіне ие болады. Өткен кезеңде She’s Next арқылы 10 мыңға жуық әйел өз кәсібін ашуға, дамытуға мүмкіндік алған.

Halyk Bank Атырау облыстық филиалының директоры Жанна Майкопова әйелдердің кәсіптегі белсенділігін арттыру үшін көптеген мүмкіндік жасап, қолдайтындығын жеткізді.

- Қазіргі кезде елімізде Halyk Bank-тің 550 бөлімшесінде бізге сенім білдірген 550 мың заңды тұлға тіркелген. Заман талабына сай Halyk Bank қосымшасының да мүмкіндіктері артып келеді. Жеке кәсіпкерлікті рәсімдеу, ақша аударымдары секілді операциларды жексенбі, мереке күндеріне қарамастан  24/7 үйден шықпай онлайн атқара беруге болады. Салық төлемдері де банк қосымшасында қолжетімді, - деп атап өтті.

Брифинг аясында Атырау облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Фатима Тулеева жас кәсіпкерлерге «Кәсіпті неден бастаған жөн және қалай дамыту керек» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.   

- Бизнеске жас қыздар келсе қуанамыз. Қауымдастықтың мақсаты да өңірдегі қыздардың белсенділігін арттыру. She’s Next жобасы кәсіпкер әйелдер үшін үлкен мүмкіндік. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді ол.

Айта кетейік, She’s Next-те бұған дейін атыраулық әйел жеңімпаз болып көрмеген.

13 наурыз, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.