Атырау облысы білім басқармасының мәліметі бойынша, ҰБТ төрт жерде: Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Халел Досмұхамедов атындағы университетте, Инженерлік-гуманитарлық институтта және Құлсары қаласындағы М.Сатыбалдиев атындағы №18 орта мектепте өтіп жатыр.
Тестілеу 30 наурызға дейін өтеді. Оған шартты түрде ақылы негізде бірінші курста оқитын студенттер, қандастар мен қалауы бойынша мектеп оқушылары қатысады. Қазіргі уақытта ҰБТ-ға қатысуға 110 мың адам өтініш білдірді, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
ҰБТ-дағы пәндер саны өзгеріссіз қалды: үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ-2024 бойынша тапсырмалар саны да өзгерген жоқ – 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» бойынша 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылық» бойынша 10 тапсырма және екі негізгі пән бойынша 40 тапсырма. Ең көп балл саны да өзгермеген - 140 балл.
Тестілеу уақыты 4 сағат (240 минут). Ерекше білім алуды қажет ететін балалар үшін әдеттегідей қосымша 40 минут беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтардағы ҰБТ 10 ақпанда аяқталды. Атырау облысында 5 мың 164 адам тест тапсыруға ниет білдірді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА