Бұл туралы Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жұмыстар биыл қаңтар айында басталып, қазіргі кезде 10 километр су құбыры салынған. Жоба бойынша су құбырының ұзындығы 73,5 километр. Мұнда 12 дана су ұңғымасы, 2 дана су айдау бекеті салынады.
- Бүгінде Қызылқоға ауданындағы басты мәселелердің бірі - тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл ретте ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі - «Тайсойған - Миялы» су құбыры. Жұмыстар аяқталған соң, Миялы, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған ауылдық округтерінің тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтамасыз етіледі, - деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат НЫҒМЕТОВ.
Оның айтуынша, «Сапа Құрылыс – 2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік еткен құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА