Істің фабуласына сүйенсек, сотталушы жүкті бола тұра, өзінің баласын дүниеге әкелген соң сататын болып, отбасылық жұппен сөз байласқан. Тағы екі жұптың ақшасын алып, бала беремін деп алдаған.
Ақша қаражатын бергеннен кейін бірінші отбасы баланы өздеріне алған. Уақыт өте келе, ол қайтадан жүкті болып, басқа екі отбасылық жұпқа баланы белгілі бір соммаға сатуға уәде берген. Алайда, олардың ақшасын алып, ізін суытқан. Нәтижесінде жәбірленушілерге 2,3 млн. теңге залал келтірілді.
Осы уақытта сотталушы өзінің баласын дүниеге келген соң сататын болып, басқа отбасылық жұппен сөз байласқан. Олар бала дүниеге келгенше сотталушының шотына ақша аударып отырған.
Екі отбасы да жаңа туған балаларды ақшаға сатып алып, әкелікті анықтап, балалардың туу туралы куәліктеріне өз аттарын жаздырған.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 5 сотталғанға қатысты үкімін апелляциялық тәртіпте қайта қарады.
Бұған дейін сот үкімімен сотталушы С.А. адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет дәрменсiз күйдегі кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқаны, сондай-ақ, бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Екі отбасының мүшелері адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, дәрменсiз күйдегі кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқаны үшін ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен шартты түрде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды
Іс апелляцияда сотталғандар және адвокаттардың апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Олар сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Алқа апелляциялық шағымдарды зерделей келе, сот үкімін өзгеруге немесе оның күшін жоюға негіздер таппады. Осыған байланысты, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА