Алдағы уақытта НАТО мен Ресей арасында әскери қақтығыс болуы әбден мүмкін. Мұның соңы Еуропада кең көлемді соғысқа ұласуы ғажап емес. Ресейдің Бас штабы академиясының басшысы генерал-полковник Владимир Зарудницкий осындай болжам жасап отыр. Оның пікірінше, Украинадағы соғыс – алғашқы белгілері ғана, деп хабарлайды nege.kz.
Владимир Зарудницкий бұл тұжырымын «Военная мысль» журналында жарияланған «Әлемнің жаңа геосаяси картасы жағдайында мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің өзгеру үрдісі» атты мақаласында айтқан.
Генералдың пайымдауынша, Украинадағы соғыс аяқталғанымен, Ресей мен Батыс арасындағы текетірес тоқтамайды. Өйткені, тараптардың арасындағы мүдде қайшылығы бір ғана Украинамен шектелмейді. Оның тамыры тым тереңде жатыр. Текетіреске түрткі болған басты нәрсе – НАТО-ның кеңеюі.
«Ресейді қылқындыру саясаты әсте ойыншық емес әрі ұзаққа созылмақ. Бүгінгі қарсыласу ХХ ғасырдағы «қырғи қабақ соғыстан» гөрі әлдеқайда өткір. Батыс Ресей мемлекетін тоқтатуды емес, жоюды көздейді. Ресейдің мықты ядролық потенциалы болғандықтан ғана НАТО Украинадағы жанжалға тікелей араласпай отыр», – деп тұжырым жасайды Владимир Зарудницкий.
Генералдың ойынша, Ресей үшін стратегиялық маңызы бар аймақтардағы жағдай аса күрделі. Жанжал шықса, Ресейді жаңа қарулы қақтығыстарға итермелеуі мүмкін.
Владимир Зарудницкийдің Ресейдің мүддесі тұрғысынан ой қорытып отырғаны анық. Десе де, Батыс пен Ресей арасындағы қазіргі ахуалды дәл көрсетіп беріп отырғаны ақиқат. Өйткені, соғыс өртінің Украина шекарасынан шығып кету ықтималдылығы күннен-күнге артып барады.
Мәселен, Еуроодақтағы мықты екі елдің бірі – Францияның президенті Эмманюэль Макрон таяуда ғана: «Украина әскері Ресейдің шабуылына төтеп бере алмай жеңілетін болса, ештеңені жоққа шығаруға болмайды», – деп мәлімдеді.
Бұл – Еуропаның соғысқа араласуын меңзегені. Бұдан бөлек, АҚШ президенті Джо Байден желтоқсан айында: «Ресей НАТО-мен соғысқа мүдделі болуы мүмкін», – деп мәлімдеме жасаған болатын.
НАТО Ресеймен тікелей жанжалдың ықтималдылығын жоққа шығарғанымен, іштей әзірлікті бастап та кетті. Былтыр бұл ұйым бірнеше мәрте әскери жаттығу өткізді. Бұрындары дұшпан елдің аты ойдан шығарылса, тұңғыш рет қарсылас ретінде Ресейдің аты нақты аталды. Сценарийі де өте-мөте шындыққа ұқсас. Мәселен, Ресей альянс құрамындағы Балтық елдері жағалауындағы шағын елдердің бірінің шекарасында арандатушылық жасап, жанжал шығарады. Арты көлемді ұрысқа ұласады.
Ресей тарапы Байденнің пікірін жоққа шығарып, мүдделі емес екенін айтып ақталды. «Бұл – сандырақ» деп шорт кесті Ресей президенті Владимир Путин. Оның пікірінше, Еуропадағы алапат соғыс – АҚШ-тың мүддесі.
Десе де, Кремль қожайының сөзіне сену қиын. Түпкі ойын жасырып, сөзбен жоққа шығарғанымен, әрекетке, тәуекелге баруға әзір екенін қазіргі Украинадағы ахуал көрсетіп отыр. Оның үстіне, жаппай қырып-жоятын қаруын алға тартып, бұлшық етін бұлтыңдатудан ешқашан тартынған емес.
Қазақстан саясаттанушы Сайын Борбасовтың пікірінше, соғыс келісіммен аяқталуы тиіс. НАТО мен Ресей соғыса алмайды. Соғыса қалса, соңы зұлмат апатпен аяқталады.
«Ресейдің НАТО-мен соғысуға қауқары жоқ. Түрлі мәліметтерге сүйенсек, Украинамен соғыста орта есеппен 410 000 соғысқа қабілетті жауынгерінен айырылған.
Рас, Ресейдің ядролық потенциалы бар. Меніңше, қазіргі халықаралық жағдайға байланысты ядролық оқшантайларын ауыстырып, іске жарамайтындарын утилизацияға жіберіп, жолға қойып алды. Ядролық арсеналын қалпына келтіріп жатыр. НАТО-ның да ядролық қуаты жеткілікті. Десе де, Ресеймен тікелей қақтығысқа түсуге қорқады. Екі тарап соғысса, жағдай қиын болатынын бәрі біледі», – дейді саясаттанушы.
Сайын Борбасовтың пікірінше, НАТО Украинаға қару-жарағын жіберіп сынақтан өткізді. Ресейдің қалай соғысатынын егжей-тегжейлі зерттеді. НАТО қақтығысқа сақадай сай. Латвияға Германия бес мың әскерін кіргізбек. Эстония мен Литваға да Ұлыбритания мен АҚШ әскері келе жатыр. Польша мен Ресей – ежелден ата жау. Ресейдің Польшаға шабуылдауы ықтимал. Бірақ Польша – НАТО-ға мүше. Бұл – НАТО-ға соғыс ашқанмен пара-пар.
«Екі жыл – ұзақ уақыт. Украина мен Ресей қатты шығынға батты. Украина қалалары қирап жатыр. Соғыс тоқтауы керек. Сауд Арабиясы мен Қытай және басқа да елдер араағайындық жасап жатыр. Тараптарды икемге келтірер», – деп үміттенеді саясаттанушы.