Халықтың сұранысына сәйкес, ауданда сот-медициналық сараптама бөлімшесі іске қосылды. Енді аудан тұрғындары білікті қызметті алу үшін 400 шақырымды артқа тастап, облыс орталығына барып машақаттанбайды.
Жалпы ауданы 42,5 ш.м. ғимарат кабинеттермен, көру алаңымен, тіркеу орнымен, кіші персонал бөлмесімен, сондай-ақ сараптамалық зерттеуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен, сақтауға арналған төрт орындық тоңазытқыш қондырғысымен жабдықталған.
Атырау облысы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры Күлайша БЕГАЛЫ бөлімшенің қызметін іске қосты. Аудан әкімі Қанат ӘЗМҰХАНОВ, аудандық мәслихат төрайымы Толқын БЕЙСҚАЛИ, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан БИҒАМБАЕВ мәйітхана жұмысымен танысты.
- Бүгінен бастап Қызылқоға ауданының филиалы ретінде өз жұмысымызды бастаймыз. Филиалда Атырау облысы бойынша сот сараптамалық институтының сот медициналық сарапшы дәрігері мен мейіргері және техникалық қызметкер жұмыс жасайтын болады. Енді тұрғындарға мәйітті облыс орталығына тасымалдаудың қажеті жоқ, осы жерде сараптама жүргізіледі, - дейді Күлайша Бегалы.
Айта кетейік, сот-медициналық сараптама бөлімшесі бұдан бұрын Жылыой ауданында ашылса, екінші филиалы Қызылқоғада ашылып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА