Атырау, 8 қазан 21:11
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Қытайлықтар тағы да жұмысшылар қабылдайды

3 240 просмотра

Өткен аптада облыстағы билік өкілдері Қарабатанда жұмыстан қысқартылғандарды жұмысқа орналастыруға қатысты жұмыс берушімен жасалған кезекті меморандумға қол қойды. Бұл жолы жұмысқа 1,7 мыңнан астам адамды жұмысқа алу міндеттемесін АМӨЗ базасында Хош иісті көмірсутек өндіру кешенін (ХӨК) салып жатқан «Синопэк Инжиниринг Казахстан» компаниясының филиалы өз мойнына алды.

Меморандумға Атырау облысы әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ пен ХӨК жобасының директоры Чжен ФУЦЯН қол қойды. Бұрын қытайлық тарап 2011 жылдың аяғына дейін 1,4 мың қазақстандықты жұмысқа қабылдау туралы жариялаған болатын. Сол кезде жиналыстардың бірінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Еркін ШПАНОВ қытайлықтар атыраулық еңбек нарығын елемеді деп жазғырған еді. Енді, меморандумға сәйкес, бұл цифр 1710 адамға дейін көбейді, дегенмен, қытайлық тараппен жасалған келісім бойынша Қарабатанда жұмыстан қысқартылған атыраулықтарға басымдық берілмек. Жобадағы жұмыс орындарының көпшілігі биылғы жылы тамыз-қыркүйек айларында ашылады. Негізінен құрылыс мамандықтары бойынша жұмысшыларға сұраныс болмақ.

- Бүгінде «Болашақтан» ең алдымен жұмысшылар босатылады. Инженерлер жобаға әлі де керек. Сондықтан ХӨК-те инженерлік мамандықтар бойынша ашылатын орындарды облыс бойынша облыстық деректер базасындағы жұмыссыздармен жабуды жоспарлап отырмыз, - деп түсінік берді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА.

Бүгінгі күні ХӨК жобасын жүзеге асыру үшін 6 мердігер мекеме жұмылдырылған. Олар: «НГСК  КазСтройСервис» АҚ, «Атырау облыстық геотехника орталығы», «Каспиан Констракшн Компани Лимитед», «ЗапСтройИндустрия», «Сер-Тилек Сервис ЛТД» және «ТранСтройИнжиниринг».

Екінші жоба – ықпалдасқан газ-химия кешені құрылысының бірінші фазасы бойынша кадрларға сұраныс әлі де нақтыланады. Оған тапсырыс беруші - «Казахстан Петрохимикал Индастриз Инк», ал бас мердігер – сол «Синопэк Инжиниринг» боп табылады. Барлық жобалау жұмыстары Қытайда жүзеге асырылады. Тапсырыс берушінің алдын ала мәліметтері бойынша жобадағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Желдорсервис» ЖШС, «КазКан» ЖШС, «ЮмонСнабСтрой» ЖШС және «НГСК КазСтройСервис» АҚ күшімен жүзеге асыру жоспарланған. Бұрын жобаның бірінші фазасына 4 мыңнан астам жұмысшы тартылады деп хабарланған еді. Ал ең бірінші кезеңде – жол салу мен коммуникация жүргізуге 350 қазақстандық мамандар жұмылдырылмақ.

Облыстық жұмыспен қамту басқармасы қосымша түсінік бергендей, өткен жылы қысқарған 11 мыңнан астам жұмысшының бүгінде 980-і жұмысқа орналаспаған. Естеріңізге салайық, биылғы жылы тағы 11 мың қазақстандық жұмысшы жұмыстан босатылады деп жоспарланған еді, оның басым бөлігі – Атырау облысының тұрғындары. Алайда таяуда «Аджип ККО» теміржол тарауын салу жобасына оларға 4 мыңдай, оған қоса жазғы маусымдық жұмыс кезінде 3 мың  жұмысшы қажет екендігін хабарлады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

7 сәуір 2011, 00:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.