Атырау, 25 қараша 08:44
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

№3 емханада 225 миллион теңгенің ұрлығы ашылды

Толықтырылды
1 759 просмотра

Ұрлық фактілері Атырау қаласының денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау аясында ұйымдастырылған аудиторлық тексеру нәтижесімен расталды, деп хабарлайды «Әділдік жолы» РҚБ Атырау филиалы.

Мәселен, 2022-2023 жылдар аралығында №3 Атырау қалалық емханасының директорына Ph.D ғылыми дәрежесі үшін негізсіз 2 076 682 теңге көлемінде қаражат аударылған. Бірақ тексеру барысында дипломның шынайылығы анықталмаған. Аудиторлық іс-шара барысында барлық қаражат толығымен қайтарылды.

Сондай-ақ, тексеру барысында аталған емхана есепшісінің өзінің жеке кәсіпкерлік есепшотына «ағымдық жөндеу» қызметін көрсету үшін ақшалай қаражатты негізсіз аударғанын анықтады. Алайда, аталған мекеменің директоры қол қою құқығын бас есепшіге бергенін алға тартып, емхана мен аталған жеке кәсіпкер арасында шарттық міндеттемелердің бар екенін растамады. Осылайша, негізсіз аударылған бюджет қаражатының жалпы сомасы 225 347 550 теңгені (2022 ж. – 62 582 000 теңге, 2023 ж. – 162 765 550 теңге) құрады.

«Әділдік жолы» РҚБ филиалының шағымынан кейін Атырау қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша сеніп тапсырылған бөгде мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша тергеу жұмыстарын бастады.

Біз медицина мекемесінің ресми сайтын тексердік. 2012 жылдан бастап «№3 Атырау қалалық емханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директоры Айман ӨТЕГЕНОВА, оның өмірбаянында 2020 жылы Словенияда докторлық диссертациясын қорғап, «Қоғамдық денсаулық сақтау PhD докторы» дәрежесін алғаны жазылған.

Мекеменің бас есепшісі Нұргүл ҚАЛИЕВА деп көрсетілген.

Жарияланымнан кейін №3 емхана директоры Айман Өтегенова «АЖ» редакциясына хабарласты.

- 2023 жылдың қараша айында бас есепшінің емхананың қаржы ресурстарын заңсыз пайдалану дерегі анықталды. Осыған байланысты мен 2023 жылдың 24 қарашасында Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арыз жазып, соның негізінде аудиторлық тексеру жүргізіліп, емхананың бас есепшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, - дейді директор.

Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ

6 наурыз, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.