Атырау, 25 қараша 10:00
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жем өзені бойындағы екі ауылдың су дауы

1 521 просмотра

Жылыой ауданының тұрғындары көп жылдан бері Жем өзеніне келетін өр суының дауына нүкте қоя алмай келеді.

Түсінікті болу үшін айта кетсек, Ақтөбе облысындағы  Мұғалжар тауынан келетін табиғи су Жем өзеніне құяды. Соңғы жылдары тауда қар болмай, өзен бойы тартылып қалатыны жасырын емес. Сол кезде аз ғана суды шаруалардың бөлісуі қиынға соғып, арты дауға айналып жүр.

Өткен жылы мол су келгенімен су дауы әлі шиеленіскен күйде болды. Өзеннен екі метр биіктеу орналасқан Шоқпартоғай ауылының (Қара Арна округі) шаруалары су жетпестігіне жиі шағым айтумен болды. Бұған дейін тонналаған топырақтар үйіп, қолдан бөгет жасағанымен, оны су шайып кетіп жүрген.

Ал көршілес орналасқан Тұрғызба ауылы (Жем округі) тұрғындары бөгеттің салынуына мүлдем қарсы.

Осы дауды шешу үшін аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ екі ауыл тұрғындарымен кездесіп, бір тоқтамға келгендей болды. Сөйтіп тоғыз құбырдан тұратын бөгет салынды. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА құбыр орнатудың демеушілікпен іске асқанын, шлюзді ашып-жабуды аудандық ауыл шаруашылық бөлімі мамандары іске асырады деген болатын.

Өкінішке орай, әкімшіліктің бұл жобасы сәтсіздікке ұшырап, өзен бойына салынған құбырларды төрт айдан кейін алып тастады. Өйткені бұл заңсыз салынған бөгет болып шықты, ешқандай құжаты жоқ, тиісті мекемелерден келісім алынбаған.

- Өзеннің арнасын бітеп, айналасын жырып-жырып тастады. Өзен арнасын бұзып, қорлап, табиғатқа зиян келтіргендер жауап беруі тиіс, - дейді әлеуметтік желіде мәселе көтерген белсенді Жанаргүл САҒЫНБАЙ.

Ал Жем өзеніне келген суды реттеп отыру үшін бөгет қажет. Жем өзенінің төменгі жағында ауданның 17263 гектар шабындық алқабы орналасқан. Жем өзеніне өр суы аз келген жылдары шабындықтарға су шықпай, құрғақшылық орын алды. Бұл шаруаларды мал азығын жергілікті жерден дайындап алу мүмкіндігінен айырып, егістік сала алмады. Сол себептен өзен бойында орналасқан Жем, Қара Арна округтеріне судың мол жетуі үшін, жалпы өзен суын реттеп пайдаланып отыру үшін гидромелиорациялау жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін аудан мамандары көтеріп, ұсыныстарын жеткізген болатын.

- Жалпы Жылыой ауданындағы ауыл шаруашылығының дамуы аудан шекарасынан өтетін жалғыз Жем өзеніне тәуелді. Бірақ өр суының келуі жыл сайын өзгеріп отыратыны жасырын емес. Су аз келген уақытта шабындықтарға су шықпай, мал азығын көрші облыстардан даярлап алуға мәжбүр. Егін егу де мүмкін емес. Сол себептен судың қажетті деңгейін сақтау үшін 3 лимандық бөгет салу керектігі жөнінде жолдаған ұсыныстарымыз қолдау тауып, жобалау құжаттары дайындалуда, - дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрболат САРМАНОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Әлеуметтік желіден алынған суреттер

6 наурыз, 14:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.