Қызылқоға ауданы биыл да Ойыл өзенінің тасуына алдын-ала қам жасап, қызу іске кіріскен.
Мамандар осы жылы да табиғи өр суы мол келеді деген пікірде. Соңғы екі жылдан бері Ойыл арнасына толып, тасып біраз әбігерге салғаны бар. Тіпті аудан орталығы Миялы ауылы су тасқынының астына қалу қаупі де туындаған еді. Сол себептен су тасқынын алдын алу мақсатында Миялы ауылының маңында орналасқан бөгеттерді сазбен биіктетіп, нығайту жұмыстары қызу қолға алынған болатын.
- Өткен жылы көктемгі су тасқыны кезінде Ойыл өзені бойындағы «Құмөткел» аумағындағы суды жыру арқылы қауіптен құтылғанбыз. Осыған сәйкес ақпан айынан бастап арнайы техникалардың, атап айтқанда 1 бірлік экскаватор, 2 бірлік погрузчик, 2 дана «КаМАЗ» көліктері көмегімен жырылған жерді топырақпен және су жырасын сазбен бітеу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді аудан әкімдігінің мамандары.
Бұдан бөлек, «Сақал ата» бағытындағындағы айналма жақтағы 800 текше метр болатын бөгеттерді сазбен биіктету жүрсе, Миялыдағы «Бейсеу» шағын ауданындағы бөгеттердің аумағына 800 текше метр саз төгіліп, жиналып жатыр.
Сөйтіп аласа бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Атырауинжстрой», «Ассана-ДорСтрой» ЖШС-тері, ЖК «Шерали», «Тазалық» мекемелері 1 экскаватор, 2 погрузчик, 7 «КамАЗ» көліктерімен көмектесіп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Фото аудан әкімдігінен