Сомали елі өз тарихындағы тұңғыш мұнайды биылғы жылдың соңына дейін шығаруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта ол бір мезгілде Галмудуг, Оңтүстік-Батыс және Джубаленд штаттарындағы кен орындарын игеруге кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұл туралы елдің Мұнай және минералды ресурстар министрі Әбдіризақ Омар Мохамедтің мәлімдемесіне сілтеме жасап, жергілікті Garowe порталы хабарлады.
Тарихи оқиғаға дайындық аясында бұдан біраз бұрын ел Үкіметінде салалық министрлік те құрылған еді.
"Енді Сомалиде тек мұнай министрі ғана емес, мұнайдың өзі де болады", – деп әзілдейді халықаралық сарапшылар.
"Алғашқы мұнай биыл Галмудуг, Оңтүстік-Батыс және Джубаленд штаттарындағы кен орындарынан өндіріледі деп күтілуде. Бұдан бұрын, 2022 жылғы қазанда Сомали америкалық Coastline Exploration компаниясымен мұнай кен орындарын игеру туралы келісімге қол қойды", – деп хабарлады халықаралық ақпарат құралдары.
Бұл ретте Сомали амалсыздан, Қазақстанның 90-шы жылдардағы қателігін қайталайтынға ұқсайды: келісім – өнім бөлісу қағидатына құрылған. Қазақстан да тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде өзіндегі үш "жаһандық супергигант" – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындары бойынша инвесторлармен Өнім бөлісу келісімшарттарын (ӨБК) бекітті.
Бұл қағидат аясында шетелдік инвестор кен орындарын игеруге, төл технологияларын әкеліп, жабдықтауға, өнім өндіруге төл қаржысын салады. Ал мемлекет болса, оның барлық шығындарын өндірілген мұнайымен өтеп береді. Алайда қазақстандық тәжірибе көрсеткендей, инвестор ӨБК аясында өтелетін шығындарын бірнеше есе өсіріп жібере алады. Оның бәрін өтегенше, жер астындағы мұнай да таусылады.
Сомалидің Coastline Exploration компаниясымен бекіткен ӨБК-сінің шарттары жарияланбады. Дегенмен, мұндай келісімшарттар өзара ұқсас келеді. Бір белгілісі, өнім бөлісу келісімшарты АҚШ-тың Coastline Exploration компаниясына бірден 7 мұнай кен орнында барлау жүргізуге құқық береді.
Жүзеге асырылған геосейсмикалық зерттеулер Сомали жерінің қойнауы мол мұнай мен табиғи газ қорларына толы екенін анықтады.
Әрине, бастапқы кезеңде өндірілетін қара алтын көлемі шағын болатыны хабарланды. Сондықтан ОПЕК жаңа өндірушінің пайда болғанына әзірше алаңдамауына болады: ол жаһандық нарықта мұнай құнын арзандата алмайды.
Әйтсе де, кейінгі бірнеше жылда мұнайлы елдердің қатары қарқынды түрде арта бастады: Беларусь, Мысыр, Гайана, Суринам, Чад және басқалары қосылды. Уақыт өте келе, Сомалидің де шыңыраудағы қара алтын мен көгілдір отын тұнған қабат-қоймаларға кең қол жеткізіп, әлемдік нарықтағы салмақты ойыншыға айналуы ғажап емес.
Айта кететін жайт, Шығыс Африкада орналасқан Сомали федеративтік республикасының мемлекеттік діні – Ислам. Түрлі деректер бойынша ел тұрғындарының 99%-дан 99,8%-ға дейінгісі мұсылман. Олардың басым көпшілігі – Шафиғи мазһабындағы сүнниттер. Сомалиде Шариғат заңы жүреді.
Негізінен, ресейлік ақпарат айдынына бағдарланған Қазақстанның жұртшылығы бұл елді теңіз жолдарымен жүк тасыған кемелерді басып алатын "Сомалилік қарақшылардың елі" деп білді.
Шынында, БҰҰ-ға сонау 1960 жылдан бері мүше болған Сомали (Soomaaliya) содан кейінгі онжылдықта Африкадағы тұрақты, алдыңғы қатарлы, гүлденген елдердің бірі болды.
Сол кезде қос көрші – Эфиопия мен Сомалиді Кеңес одағы өзінің "мүдделері өрісіне" тартуға ұйғарады. Мысалы, Мәскеудің қолдауымен Сомали "Африка арыстандары" аталған бірыңғай армиясын құрды. Ол кеңестік танктермен жарақтандырылды. Теңізде, Берберада кеңестік флот орнықты.
Алайда су мен шүйгін жер іздеген сомалилік көшпенділер мен Эфиопия халқы арасында ежелден түрлі қақтығыс туындап тұратын. Күш-қуат жиған Сомали көрші Кения, Эфиопия мен Джибутиге территориялық претензия қойып, жер талап ете бастайды. 1977 жылы Сомали билігі КСРО-ның одақтасы Эфиопияға басып кірді.
Екеуінің арасында таңдау жасаған Мәскеу Эфиопияның билігін сенімдірек әрі тұрақтырақ деп танып, шиеленісте соның жағына шықты. Салдарынан, кеңестік қаһарлы қару және ұрыс техникасы, сондай-ақ кубалық еріктілер көмегіне жүгінген эфиопиялық әскер сомалилік қарсыласын күйретті.
Бұл 1980-ші жылдары Сомалиде экономикалық және саяси дағдарыс туғызды. Елде орталыққа бағынғысы келмейтін көтерілісшілер бас көтерді. Кеңес одағымен ауыз жаласқан, халыққа тізе батырған президент-диктатор Мохаммед Сиад Барре тақтан тайдырылды. Ел хаосқа ұрынды.
Сепаратистердің күш алуы және қақтығыстардың азаматтық соғысқа ұласуы салдарынан Сомали ұзақ уақытқа мемлекет ретінде іс жүзінде жойылды және бірнеше бөлікке ыдырады. Пунтленд, Сомалиленд, Азания және басқа да өзін-өзі басқаратын квазимемлекеттер мен анклавтар пайда болды.
Орталық мемлекеттік құрылымдар қызметін тоқтатты. Ел түрлі салада терең дағдарысқа килікті. Ашыққан халық көтерілісшілерге еріп, іргеден жүзіп өтіп жатқан кеме керуендеріне шабуылдап, күн көруге мәжбүрленді.
Содан кемелері жойылып, тауарлары тоналғанын зәрезап болған АҚШ бастаған Батыс елдері Сомалидің ішкі ісіне араласып, ондағы қырғынды тоқтатуға күш салды.
Норвегия университетінің доценті Стиг Йарле Хансеннің (Stig Jarle Hansen) дерегінше, Сомалидегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ел қорғанына тұруы үшін түрлі ел сомалилік жергілікті армияны даярлауда. Түркия мен Қатар онда әскери академияларын ашып, кәсіби сардарларды дайындайды. БАӘ өз базасын ашып, сомалилік жауынгерлерді әскери дайындықтан өткізіп келді (2018 жылы жапты). Египет пен Судан офицерлері мен кеңесшілері де жергілікті солдаттарды жаттықтырады.
Британдықтар – Байдабодағы өз орталығында, ал америкалықтар – Бейлдоглдағы авиабазасында сомалиліктерге соғысу өнерін үйретеді.
Ақыры 2012 жылы ел тұтқасын ұстаған тұлғалары құрылтайға жиылып, ең ірі қаласы Могадишода өткен Конституциялық ассамблеяда Сомалидің уақытша Конституциясын қабылдай алды. Оған сәйкес, мемлекет әр бөлігінің өз тізгіні өзінде болатын федерацияға айналды.
Былтырғы 2023 жылғы қарашада Сомали Шығыс Африка қауымдастығының құрамына мүше болып кірді.
Сондықтан бұл мұсылман елі даму даңғылына қайта оралады деген үміт айтылуда.
Климаты құрғақ әрі ыстық Сомали территориясының 90%-дайын бұталы шөлейтті жерлер мен шөлді саванналар алып жатыр. Қолайсыз климаты және платолық жынысының суды көп өткізбеуі кесірінен бұл ел егін шаруашылығын дамыта алмады. Егіс салынбаған соң тұрақты қоныстар мен қалалар да көп пайда болмады. Байырғы заманнан бері сомалиліктер негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысады.
Financial Times Сомали жерінің асты көптеген қазынаға тұнып тұруы мүмкін деген жорамал айтады. Өйткені қойнауы нашар зерттелген. Бұған дейін тек Бербера ауданындағы гипс кен орындары, Хордио мен Джесирадағы ас тұзы сияқты жер бетіне жақын жатқан қазба байлықтары ғана белгілі болды.
Джуба, Веби-Шебели өзендерінің бойынша темір рудалары анықталған. Сондай-ақ Сомали аумағы уран кеніне бай деп есептеледі. Яғни, уран қоры жөнінен әлемде №1 орында тұрған Қазақстанға жаңа бәсекелес пайда болатын сыңайлы.
Елдің оңтүстігінен титан кен орындары ашылған.
Халықаралық геологтар ел астанасының рөлін атқарып отырған Могадишоның жанында да мұнай мен газ қорларын тапты.
Тұтастай алғанда, Сомали қайраңында 110 миллиард баррельге шамалас мұнай қоры жатыр деп саналады. Оны игеруге Батыс әлемі бұрыннан ынтығып жүр.
1988 жылы британдық Shell, америкалық ExxonMobil өздеріне теңіздің таяз қайраңында көмірсутекті өндіруге концессия бөлу туралы Сомали билігімен келісімге келген. Бірақ тыныштық пен тұрақтылық орнықпаған соң ол жоспарлары іске аса қоймады.
2016 жылы Сомалидің жаңа билігі қайраңдағы мұнай-газды барлап, өндіруге тендер өткізу жоспарын жариялады. Содан бері ол жақта, әсіресе, Пунтлендте мұнай кен орындарын барлау, бұрғылау жұмыстары қолға алыныпты.
Сондықтан бұл елде алғашқы мұнай партиясын алу биылға жоспарланып отыр.
Олай болса, байлығын жаратып жұмсаса, жемқорларға жем етпесе, өркениетті өркендеу мен демократия жолына түссе, бұл мұсылман елі өз халқын асырап қана қоймай, әлемдегі ауқатты мемлекеттердің қатарына қосылу әлеуетіне ие.
Тек сыртқы күштер ел ортасына от тастамаса, халық ауызбіршілігін сақтаса, жөн. Бұл өңірге сұғын қадаған Ресей Сомалиде, бұрынғы Берберадегі кеңестік базаның орнында төл әскери базасын ашу жоспарын ілгерілетуге тырысуда. Оған түпкілікті мойын бұруға тек жанқиярлықпен қарсыласқан іргесіндегі Украина кедергі болып тұр.
Бүгінде, Дүниежүзілік банктің дерегінше, сатып алу қабілеті паритеті бойынша есептелген ЖІӨ-сі деңгейі жөнінен Сомали әлемде 149-шы орынға көтеріле алды. Оның бұл рейтингтегі көршілері Мальта, Исландия, Косово және Черногория. Демек, беталысы жаман емес.