Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы талап қоюшы Е.-ның Атырау қаласы әкімі қаулысының Н. - ға тұрғын үйге кеңейту түрінде қосымша жер учаскесін беру бөлігін заңсыз деп тану және күшін жою туралы Атырау қаласы әкіміне талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Талап қоюшы сотқа Атырау қаласының әкіміне әкімшілік талап қоюмен жүгініп, жауапкердің іс-әрекеті жер заңнамасының талаптарына қайшы келетінін, себебі мүдделі тұлғаға 2004 жылдан бастап талап қоюшы Е. қоршап алған жер учаскесі берілгенін, Н.-ның өтінішін қарау барысында жауапкермен Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 43-бабында көзделген тәртіп сақталмағанын көрсеткен.
Осыған байланысты, қаулының мүдделі тұлға Н. - ға тұрғын үйге кеңейту түрінде қосымша жер учаскесін беру бөлігін заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұрады. Атырау облысы МАӘС шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Сот Атырау қаласы әкімінің атына жеке ұйғарым шығарды.
Н. - ның қосымша жер учаскесін беру туралы өтінішін жер комиссиясы тиісті түрде қарамағаны, бұл талап қоюшының заңды құқықтарының, бостандығы мен мүдделерінің бұзылуына әкеп соқтырғаны соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауына негіз болды. Атап айтқанда, жауапкер бұрын пайда болған жылжымайтын мүлікке құқықтардың басымдығын, тараптардың даулы жер учаскелерінің беттесуін ескермеген, сондай-ақ Жер Кодексінің 43-бабы 2-тармағын бұза отырып, жер комиссиясының отырысының аудио-бейне тіркеуін жүргізбеген.
Іс апелляцияда мүдделі тұлға Н. - ның апелляциялық шағымы бойынша қаралды. Ол сот шешімінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Сот алқасы сот шешімінің заңдылығы мен дұрыстығын толық көлемде тексеріп, бірінші сатыдағы сот іс бойынша заңды шешім қабылдады деген қорытындыға келді. Сот шешімін өзгертуге немесе жоюға негіз жоқ.
Осыған байланысты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ