Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан СЛАМБЕКОВ 1 наурыздан бастап өз еркімен қызметінен кетті.
Ол өзінің Facebook парақшасында білім беру басқармасының басшысы ретіндегі соңғы жазбасын жариялады.
“7 ай көп емес, бірақ аз да емес уақыт. Осы аралықта талай қиындықтармен бетпе-бет келіп, жағымды жаңалықтармен бөлістім, маңызды шешімдер қабылдадым. Оқу-ағарту министрлігі жүктеген міндеттер аясында білім беру басқармасы ұжымымен бірлесіп, біраз жұмыстар атқарылды. Білім деңгейін көтеру, білім беру ұйымдарының жұмысын оңтайландыру мақсатында бірқатар жобаларды іске қостық...”, - деп жазды.
Ол өзінің облыстық білім беру басқармасы басшысы лауазымынан өз еркімен кетуін, жеке жоспарларының ауысыуына байланысты екенін жазды.
Еске салсақ, Ерлан Сламбеков Атырау облыстық білім басқармасы басшысы болып 2023 жылғы 19 шілдеде тағайындалған болатын. Атырау облысына келгенге дейін Білім және ғылым министрлігі «Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары қызметінде болды.
Қазір басшының міндетін атқарушы Тілекқабыл БАЙДОШЕВ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ