Америкалық Veeam Software IT-компаниясының негізін қалаушылары Андрей Баронов пен Ратмир Тимашев Ресей азаматтығынан бас тартты. Бұл жөнінде Forbes жазды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Екі кәсіпкер де 2017-2021 жылдар аралығында "Ресейдегі ең дәулетті 200 адамның тізіміне енген". Басылымның жазуынша, оларда Кипр азаматтығы қалған. Кәсіпкерлердің өздері Ресейде ұзақ жылдардан бері тұрмайды: Баронов – Швейцарияда, Тимашев – АҚШ-та.
Баронов Ресей азаматтығынан шығуға 2023 жылы сәуірден бастап талпынған. Бұл жөнінде ол LinkedIn парақшасында жазды. Кәсіпкер жазбасында "Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатты алаңдайтынын" жеткізген.
"Басшылары балаларды ұрлап, бейбіт тұрғындарды зорлап, тонап, күн сайын-дерлік мыңдаған зымыран жіберіп, жазықсыз адамдарды өлтіретін елдің азаматы болғым келмейді" деді Баронов.
Ол сонымен бірге Украина босқындарына көмектесетін "беделді гуманитарлық ұйымдарға" қайырымдылық ретінде миллион доллар бөлген.
Бұған дейін Forbes тізіміндегі бірқатар кәсіпкерлер де Ресей азаматтығынан бас тартқан. Арасында Тимур Турлов, Юрий Мильнер, Олег Тиньков және Рубен Варданян бар.