Түрік Таяу Шығыс техникалық университетінің (Orta Doğu Teknik Üniversitesi, ODTÜ, METU) ғалымдары Альцгеймер ауруының қаупін ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі технологияны ойлап тапты, деп жазады Анадолы агенттігі.
METU университетінің информатика институтының педагогикалық кеңесінің және нейроғылым және нейротехнология саласындағы Біріккен қолданбалы зерттеулер орталығының басқарма мүшесі Ешим Айдын Сонның айтуынша, ол сілекейден алынған үлгіні пайдалана отырып, генетикалық тестілеу арқылы жүзеге асырылады.
Ол бұл жаңашылдық дәрігерлерге диагноз қою кезінде айтарлықтай көмек көрсететінін атап өтті.
- Бізге 65 жастан асқан есте сақтау қабілетінің төмендеуі сияқты альцгеймер ауруының белгілері бар адамдар келеді. Біз генетикалық сараптама жүргізгеннен кейін дәрігерлер оның нәтижесін клиникалық көрініспен біріктіріп, соның негізінде диагноз қоя алады, - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, зерттеу тобының мүшелері жасанды интеллект көмегімен халықаралық жұмыс топтары жасаған үш ауқымды деректер жиынтығын талдау негізінде аурудың ерте сатысында даму қаупінің индикаторы бола алатын генетикалық профильдерді анықтайды.
– Біз әзірлеген әдіс бойынша сынаққа қатысушылардан сілекей үлгілері алынып, олардың ДНҚ-сы анықталады. Зерттеулер аурудың қаупін 1,5-2 есе арттыратын генетикалық өзгерістерді анықтады. Біздің жоба аясында молекулалық диагностикалық жинақтың прототипі әзірленді, - деп жалғастырды ол.
Бұл әдіс Альцгеймер ауруымен ауыратын 100 науқасқа қолданылды.
Ғалым Альцгеймер ауруын ерте диагностикалаудың кейінгі емдеуде маңызы зор екенін атап өтті.