Атырау, 25 қараша 09:32
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жастар үйінің жөндеуі неге бітпеді

1 107 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Жастар үйінің күрделі жөндеу жұмысынан күй кетті. Өткен жылдан бері ғимараттың жөндеуі толық бітпей, алқа-салқа күйде қаңырап тұр.          

Қаладағы бұл ғимарат кезінде мұнайшылардың мәдени клубы болған. Кейін жергілікті әкімдіктің балансына беріліп, ақыр аяғында Жастар үйіне берілді. Әкімшілік балансына өткенімен ғимарат күрделі жөндеуге сұранып тұрған болатын.

Күрделі жөндеу жұмысына бюджеттен 161 млн 184 мың теңге бөлінгені белгілі болды. Конкурста жеңімпаз атанған «Алтын жаңбыр-Золотой дождь» ЖШС күрделі жөндеу жұмысын 2022  жылдың 28 қарашасында бастап,  2023 жылдың 28  мамырында аяқтап тапсыруды өз міндетіне алды. Мамандардың айтуынша, мердігер компания ғимараттың шатырын, жылу жүйесін, терезесін ауыстырып, электр желісін жаңартып, абаттандыру жұмысын жүргізген. Алайда мердігер кестеден өте кеш қалды. Ғимараттың үлкен көрермен залы, еден, есік ауыстыру, сыртқы келбеті жасалмай, абаттандыру толық аяқталмаған еді.

Кесте бойынша жұмысынан кешігіп, жайбарақаттыққа салынған мердігерге тапсырысшы Құлсары қаласы әкімшілігі бірнеше рет ауызша ескертіп, ресми түрде хат та жазады. Ақыры нәтиже шықпағасын, қалалық әкімдік мердігермен келісім шартты бұзу жөнінде Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа талап арыз берді. 2023 жылдың 16 қарашасында болған сотта судья талап арызды қанағаттандырып, мердігермен болған келісім шартты бұзды.

- Енді осы жоба авторының қатысымен жасалған жұмыстар мен атқарылмаған істер екшеленіп, қанша көлемде қаржы қажеттігі есептеледі. Сосын қайтадан конкурсқа беріп, басқа мердігер жұмысты жалғастырады, - дейді Құлсары қаласының әкімі Қадыржан АДИНОВ.

Әкім екі жылға созылған ғимарат жөндеуі биыл бітуі тиіс деп сендірді.     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

1 наурыз, 10:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.