Қызылқоға ауданы Миялы ауылында баспана мұқтаждығымен жаңа үйге қол жеткізген тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені бір қабатты үйдің шатырынан су кетіп, қабырғалары жарыла бастаған.
- Бұл үйлер пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаса да шатырдан аққан су үй ішін көл еткен. Тұрғындар не істерлерін білмей, шелек қойып, толған суды далаға тасып әбігерге түсіп отыр. Оның үстіне қабырға жарлары да жарыла бастаған. Әкімшілік кезінде бұл үйлерді алғанда сапасына неге мән бермеген, айналғанда зардабын халық тартып отыр, - дейді «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғамдық белсенді Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.
2022 жылы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Әкімшілік ол қаражатқа ашық конкурс арқылы 19 үйді сатып алады.
- Бұл үйлер жеке адамдардан сатып алынды. Сатып алынған уақытта сапасына сын айтылмаған болатын, жақсы күйде болды. Айта кету керек, 19 пәтердің 18-і 15 млн теңге, ал 2015 жылы салынған 1 пәтер құны 13 млн 900 мың теңгеге бағаланды. Алған үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға кезектілік тәртібімен берілген болатын. Бұл басаналар аудандық ТҮКШ балансында, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дулат НЫҒМЕТОВ.
Бағдагүл ҚАЙЫҢБАЕВА да кезектілікпен баспанаға қол жеткізген болатын. Негізі бұған дейін шатырдан су ақпады дейді ол. Ақпанның 6-7 күндері қатты боран болып, үй төбесіне кірген қар еріп, шатырдан су кеткен. Салдарынан төбеге жағылған гипсті қоспа түсіп қалған.
- Үй аудандық ТҮКШ балансында, енді кім жөндеп береді? - деп сұрайды ол.
- Кезінде үй сатып алынғанда келісім шартта екі жыл кепілдік мерзімі көрсетілген. Сол себептен сол баспаналарды сатқандар үйді өз қаражатымен қалпына келтіріп береді, - деп сөзін түйіндеді Д.Нығметов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА