Жақында мектептегі ата-аналар чатына қаладағы бірнеше мектептің жоғары сынып оқушылары арасында жаппай төбелес болғалы жатқаны жөнінде хабарлама тарады. Мектеп әкімшілігі тарапынан жазылған хатта ата-аналарға, сынып жетекшілеріне балаларды қадағалап жүруге шақырған.
«Қайырлы кеш, құрметті 9-10-11 сынып жетекшілері! Ата-аналарға хабарласып, балалары үйде ме, жоқ па, тексерулеріңіз сұралады. Өйткені Авангардта 3, 16, 30-мектеп оқушылары арасында төбелес болады деп жатыр. Авангардта рейд жүріп жатыр, төбелеспек болған жасөспірімдерді түскі уақытта таратып жіберген», - делінген хабарламада.
Атырау облыстық білім беру басқармасы бұл жалған ақпарат деп түсіндірді.
- Білім беру басқармасының мамандары полициямен бірлесіп рейд жүргізіп келеді. Жаппай төбелес болатыны туралы ешқандай мектеп директоры хабарлама таратпаған. Рейдтік шаралар ұйымдастырылып жатқан соң, біреулердің түсініспеушіліктен таратқан жалған ақпараты болуы мүмкін, деді білім басқармасының өкілі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ