Еуропалық Парламент экологиялық қылмыстар тізімін кеңейтіп, олардың жазасын күшейтетін жаңа ЕО директивасын қабылдады. Адам өліміне әкелетін экологиялық қылмыс жасағандарға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, деп жазады KAZINFORM DW басылымына сілтеме жасап.
Еуропарламент (ЕП) 27 ақпан күні экологиялық қылмыспен күресу жөніндегі жаңартылған ЕО директивасын мақұлдады. ЕП сайтында хабарланғандай, Еуропарламенттің 499 депутаты құжатты қолдап, 100-і қарсы дауыс беріп, тағы 23-і қалыс қалды.
Құжатта қоршаған ортаға қарсы қылмыстардың тізбесін кеңейту және оларға жазаны күшейту көзделген. Күрделі экологиялық бұзушылықтарға, заңсыз кесілген ағаш саудасы, қоршаған ортаға зиян келтіретін машина бөлшектерін заңсыз кәдеге жарату, экологиялық зиянды химиялық заттарды пайдалану және кәдеге жарату ережелерін бұзу жатады.
Жаңа директива ЕО-ның ресми журналында жарияланғаннан кейін күшіне енеді. Мүше мемлекеттерге оны ұлттық заңнамада бекітуге екі жыл уақыт беріледі.
«Жаңа экологиялық қылмыстардың алдын алу үшін үйлесімді және тосқауылдық санкцияларды қолдана отырып, ЕО деңгейінде трансшекаралық қылмыстармен күресудің уақыты келді», - деді Голландиялық Еуропарламент депутаты Антониус Мандерс.
Ол жаңа заңнамаға сәйкес, қоршаған ортаның ластануына жауапты кәсіпорында басшылық қызмет атқаратын тұлғалар кәсіпорынның өзімен тең жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін атап өтті.
Жеке адамдар мен компанияларға экологиялық қылмыс жасағаны үшін сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өліммен аяқталатын қасақана экологиялық қылмыстар үшін ЕО-ның барлық елдерінде қылмыскер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Компаниялардың қоршаған ортаға қарсы ауыр қылмысы үшін жылдық айналымының 5%-на дейін айыппұл немесе 40 млн еуроға дейін төлем қарастырылған.