Атырау облысы аумағында 21-23 ақпан күндері аралығында мал ұрлығын ескерту, алдын-алу және ашу, оларды жасаумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.
Жедел-профилактикалық іс-шара аясында мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 162 автокөлік және ет өнімдерін сататын 80 орын, 395 шаруа қожалығы тексерілді.
Шалғайдағы учаскелерді, қыстақтарды және ұжымдық шаруа қожалықтарына тексеру жүргізу арқылы қару иелеріне азаматтық, қызметтік қаруды, оның оқтарын сатып алу, сақтау, пайдалану және тасымалдау бөлігін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабына сай 13 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 130 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.
Мал мен ет өнімдерін құжатсыз тасымалдаудың 21, мал мен ет өнімдерін құжатсыз сатудың 6 фактісі анықталып, 27 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз жаюдың 142 фактісі анықталып, 232 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сай әкімшілік хаттама жасақталып, 1 млн 300 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан 1 қылмыстық топ құрықталып, оларға қатысты 3 мал ұрлығы қылмысы дәлелденді. Сондай-ақ, тәулік ішінде тіркелген 1 қылмыс ашылып, 21 бас мал иесіне қайтарылды.