Бүгін, 26 ақпанда жергілікті блогер Нұрлан ЖУНАСОВ Атырау облысының әр тұрғынына экологиялық төлем талап етіп, бір адамдық пикетке шықты. Мәселе экологиялық апат аймағында тұрғаны үшін әлеуметтік қолдау туралы болып отыр. Жунасов ірі АМӨЗ, ТШО және NCOC мұнай компанияларынан тұрғындарға келтірілген зиян үшін төлем талап етті.
– Біздің облыста 28 мұнай компаниясы бар. Оның үшеуі қалада. Зауыттар қалада да, қала сыртында да орналасқан. Тағы төртеуін салғысы келеді. Сіздер тұрғындардың өмірін, денсаулығын ойладыңыздар ма? ...Өздеріңе алып жатсыңдар, алып жатсыңдар. Бізде қала орталығында асфальт жоқ, міне, Ахмет Байтұрсынов көшесі, қазір осы жерде тұрмын, 30 жылдан бері асфальт көрмеген. Волонтер ретінде бізде ауруға шалдыққан 1000 бала бар екенін көрдім. Ал біздің қалада аллергиясы бар жандар қаншама? Облысымызда туберкулез бірінші орында тұр. Мен әрбір Атырау тұрғынына төлем жасалуын талап етемін. Мен қорықпаймын, қазір саулығымнан айырылғанмын, бостандығымнан айырыламын деп қорықпаймын. «Креслодан айырылып қаламын деп қорқатын сіздерсіз», - деп түйіндеді сөзін Жунасов.
Атырау облысын экологиялық апат аймағы деп тану талабы көп жылдан бері көтеріліп келе жатқаны белгілі. Бұрынғы экология министрі Зульфия СҮЛЕЙМЕНОВА Атырауда өткен брифингте мәлім еткендей, өңірді экологиялық апат аймағы деп тану үшін ластанудың тұрғындар денсаулығына тигізетін әсерін кешенді түрде тексеру қажет. Осыдан кейін Ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі салалық қорытынды шығаруы керек. Жергілікті атқарушы органдар бұл бастаманы көтеруге толық құқылы. Бірақ мұндай бастаманы көтеретін жергілікті атқарушы органдардың нақты қадамдарын әзірге көрмедік.
Айнұр САПАРОВА
Сурет және видео Н.Жунасовтікі