Былтыр жыл қорытындысы бойынша туберкулезбен жаңадан ауырған 318 науқас тіркелсе, алдыңғы жылы 397 науқас тіркелген. Туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда адам саны 57,8-ден 45,6-ға дейін, яғни 21,1%-ға төмендеп отыр. Бұл туралы Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының басшысы Жаңабай САҒИЕВ баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыста Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық басталды. Орталық басшысы аталған айлық осы жылдың 24 наурызына дейін жалғасатынын атап өтті.
-Айлықты өткізудегі негізгі мақсат – індеттің алғашқы белгілері туралы тұрғындарды ақпараттандыру. Сондай-ақ өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау және жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өту қажеттілігі туралы түсіндіру. Айлық аясында облыстың әр ауданында фтизиатрлардың кеңестері, тұрғындарды флюорографиялық тексеруден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар облысымызда қазіргі таңда туберкулез дертін тез анықтау үшін емханаларда заманауи қондырғы G-Xpert MTB RIF экспресс тестісін қолдану жүзеге асырылған. Оның көмегімен диагнозды екі сағат ішінде анықтауға болады, - деді Ж.Сағиев.
Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысымен Атырау облысында туберкулездің таралу көрсеткіші 90,7-ден 66,2-ге дейін 27%-ға төмендеген.
-Өткен және алдыңғы жылды салыстырғанда туберкулездің таралу көрсеткіштері барлық аудандар мен қалалық емханалар аумағында төмендегені байқалады. Атап айтқанда, Жылыой ауданы бойынша – туберкулездің таралу көрсеткіші 25,4%-ға, Исатай ауданында – 14,5%-ға, Құрманғазы ауданында –31,5%-ға, Мақатта – 14,3%-ға, Атырау қаласы бойынша – 22,9%-ға төмендеген, - деді орталық басшысы.