Жылыой ауданы Құлсары қаласы СМП-615 ықшамауданы тұрғындары «көршілес» орын тепкен мұнай өнімдерін тасымалдау және өңдеумен айналысып отырған «БазисОйл» ЖШС-ні жабу, болмаса көшіру талабымен тағы да жиналды.
САНИТАРЛАР НЕНІ АНЫҚТАДЫ
«Өткен жылы Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі Құлсары қаласы тұрғындарының 2022 жылғы 8 тамыздағы арызы және 2022 жылдың 23 тамыздағы тексеру тағайындау туралы актісі негізінде «БазисОйл» ЖШС-не (бұдан әрі ЖШС) жоспардан тыс тексеру жұмысын жүргізді.
ЖШС зауытқа мұнай өнімдерін автокөлікпен тасымалдап, өңдеп, одан әрі теміржол арқылы жөнелтеді. Тексеру барысында ЖШС-нің нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынбағаны, атмосфералық ауаға физикалық әсер ету деңгейі (шу, діріл, ЭҚК және басқа да физикалық факторлар) өлшенбегені анықталды. Атмосфераның ластануы туралы есеп және халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп-қатер бағаланған санитарлық-қорғау аймағының алдын ала жобасы жоқ...».
Көптеген заңбұзушылықтар анықталған кәсіпорынның жақындығы ЖШС-нен жүз метрдей қашықтықта орналасқан үйлердің тұрғындарын қатты алаңдатты.
Осы себептен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқарма мекемесі анықталған кемшіліктер жойылғанға дейін зауыт жұмысын тоқтату жөнінде Атырау облысы мамандандырылған ауданарық экономикалық сотына талап арызбен жүгінді.
Сот отырысында жауапкер өкілдері А. Прлаиева, З. Жоламанова, Г. Сагинбеков, Ж. Рамазан талапты мойындамай мұнай өңдеу зауыты қауіптілігі бойынша үшінші сыныпқа жатқызылатынын, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды қажет етпейтінін, зауыт өндірістік аймақта орналасқанын, Құлсары қаласының бас жоспары бойынша өндірістік аймақ болып саналатынын мәлімдеді. Сондай-ақ жауапкерлер ол жерде орналасқан тұрғын үйлерге жер заңсыз берілгенін, өздерінің тексеруі бойынша шығарылған зиян заттардың рұқсат етілген шектеулі нормалардан аспайтынын атап көрсетті.
Үшінші тұлға өкілі Е. Сагинов аталған жердегі тұрғын үйлерге жер 1992-2007 жылдар аралығында берілгенін, ал 2007 жылдың 17 мамырында аудан әкімінің қаулысымен нысаналы мақсаты өзгертіліп, мұнай өңдеу зауыты салынғанын айтты. Қаланың бас жоспары 2013 жылы бекітілген.
Сот барысында кейбір кемшіліктер анықтала отырып, сот талап қоюшының талабын негізді деп есептеді, себебі жоғарыда аталған заң бұзушылықтарды жоймастан халықтың денсаулығы мен өміріне қатер төндіреді деді. Сондықтан талап қоюшының жауапкерге сотта талап қоюы негізді және қанағаттандырылуға жататынын атап көрсетті.
Судья А. САУДАБАЕВ сот барысын саралай келе 2023 жылдың 11 желтоқсанында «БазисОйл» ЖШС зауытын анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтату жөнінде шешім шығарған болатын. Бұл шешіммен келіспеген ЖШС апелляциялық шағым түсірді.
ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ
«АЖ» тілшісі аудан белсенділері және ЖШС-мен көршілес «СМП-615» тұрғындарымен тілдескен болатын.
- «БазисОйл» ЖШС Жылыой ауданына үлкен қасірет әкелді десе болады. Халықты улап отырған мекеме деп есептеймін, бұл жөнінде талай рет жазылып, сотқа дейін жетіп отыр. Депутаттар да араласты, бірақ нақты шешім көріп отырғанымыз жоқ. Сол себептен бұл мекемені заңды түрде жабуын талап етеміз, болмаса басқа жерге көшірсін, - дейді аудан белсендісі Дайрабай ЕЛДЕСБАЕВ.
- Біздің бұл ықшамауданда тұрғанымызға он бес жылдай уақыт болды. Зауыттан келген иістен демала алмай отырмыз, қышыма тері ауруы бар, астмамен ауыратын балаларға қиын болып тұр. Зардап деген жетеді, үйдің терезесін аша алмаймыз, жұмыртқаның шіріген иісі шығып тұрады. Далаға кір жая алмаймыз жаман иіс шығып кетеді. Киімімізге дейін сіңіп қалады, - дейді тұрғын Дәмеш ТАСБОЛАТОВА.
- Тұншықтырып болды, жүк машиналары күні-түні дамылсыз жүріп жатыр, жолды бүлдіріп болды, жол полициясы дәрменсіз. «Олардың құжаттары бар, сол себептен тоқтата алмаймыз» дейді. Жалпы осы жерде тұрғанымызға он бір жыл болды, күйеуім денсаулығынан айрылды, үшінші топтағы мүгедек атанды. Бұл жерде басқа да ондаған мекеме бар, соның бәрін тексеру керек, - дейді тұрғын Зоя КЕНЖЕБАЕВА.
Бұдан кейін жиналғандар «БазисОйл» ЖШС мекеме басшысы халық арасына шығып, осыған дейін қанша залал келтіргенін ашық айтып, өтемақы төлеуі керек деп есептейді. Сонымен бірге кезінде баспана салуға жер беріліп, үй құжаттарын ресми заңдастыра алмай отырғандардың мәселесін шешу қажеттігін жеткізді.
Тұрғындар ЖШС-мен күресті жалғастыруға бекініп отыр. Олар зауытты жабу немесе басқа орынға көшіру керек деп, соңғы талабын қойды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор