Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты №2 учаскелік полиция пункті арқылы тіркелген 114 қылмыстың 95-і ашылған. Бұл туралы №2 УПП-нің инспекторы, полиция майоры Айбол ІДІРІСОВ «Аулада қабылдау» акциясы барысында мәлім етті.
Акцияның мақсаты - халықпен тығыз кері байланыс орнату, азаматтарды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді анықтау, құқық бұзушылықтың алдын-алу және құқықтық тәртіпті нығайту.
- ІІМ нұсқауына сай, осы жылғы 12 ақпан мен 30 наурыз аралығында «Аулада қабылдау» акциясы өтуде. Мұндағы мақсат - полицияның сервистік моделінің аясында халық полицияны іздеп емес, керісінше полиция халыққа келіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, сұрақтарына жауап беру. Сондай-ақ бұл жиынға депутаттар, ЖКХ мамандары, сонымен қатар әкімшілік қызметкерлер де қатысып отыр, - деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани СЕЙДУАЛИЕВ.
- №2 УПП 8 әкімшілік аумақтан құрылған, мұнда 7 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқаруда. Әкімшілік аумақта барлығы 270 тұрғын үй орналасқан,- деді А.Ідірісов. - Былтыр 114 қылмыс тіркеліп, оның 95-і ашылды немесе пайыздық көрсеткіші 85%. Оның ішінде ең көбі – ұрлық. 47 ұрлықтың 38-і ашылды. Одан кейінгі орында алаяқтық, ол бойынша тіркелген 18 фактінің 12-і ашылды. Сонымен қатар, қызметкерлермен 1020 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарға мас боп келу, ортақ пайдаланатын орындарды ластау, тіркеусіз не жеке бас құжатынсыз тұру, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер алдыңғы орында болып тұр
Сондай-ақ, іс-шара барысында биыл осы саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілгені, құқық бұзышылық жасалған жағдайда әскерет ету алгоритмі түсіндіріліп, проблемалық мәселелер талқыланды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА