Атырау, 20 мамыр 15:33
 ашықВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қала әкімі қала базарларының тазалығына «2» деген баға қойды

1 039 просмотра

Қала әкімі Шәкір КЕЙКІН бастаған жергілікті полиция, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және бөлім басшылары «Мұрагер», «Мерей» және «Дина» базарларындағы тазалық талаптарының орындалуын зерделеп шықты.

Зерделеу барысында қала әкімі санитариялық талаптарды өрескел бұзып, базар аумағының тазалығына жауапсыз қарап, тұтынушылар мен саудагер-кәсіпкерлердің наразылығын туғызған базар әкімшілігіне бірқатар сын айтып, заң аясында шара қолданатынын қатаң ескертті.

Атап айтқанда, базарлардағы қоқыстың жиналмай жатқаны, ашық алаңда орналасқан сауда-саттық нүктелері тұтынушыларға қолайсыз екені, мұздан тазартылмағаны әкімнің назарына ілікті. «Мерей» базарындағы тексеру кезінде аумақтың тазалығы «3»-ке де бармайды, «2» деген баға қоюға болады деп мәлімдеді.

- Кез-келген кәсіпкер, олардың ішінде сауда орталықтарының әкімшілігі тұтынушылар мен сауда жүргізіп отырған шағын кәсіп иелеріне қолайлы жағдай қамтамасыз етіп, сауда орталығының тазалығын толық бақылауында ұстауы қажет. Сауда орталықтарының басшылығы осы қағиданы мүлде орындамай отыр. Базарларда қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатыны анық. Сол себепті сауда орталығының аумағын уақытылы қар мен мұздан, еріген қар суы мен көктемгі-күзгі жауын-шашыннан жиналған судан тазартып, күнделікті бекітілген аумақтағы қордаланған лас қоқысты жинауды, базар әкімшілігі күн тәртібінен түспейтін міндет екенін естен шығармауы керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, барлық кәсіпкерлік нысан иелері өз нысандарының аумақтарын және өз аумақтарынан тыс кіреберіс, көлік тұрағы мен айналасын талапқа сай таза ұстап, қала тазалығына үлес қосуға міндетті екенін ескеруі қажет, - деді Шәкір Кейкін.

Қала әкімі жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, тазалыққа жауапкершілікпен қарамаған сауда орталықтарына шара қолдануды тапсырды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

22 ақпан, 21:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.