Атырау, 25 қараша 20:50
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Базаға құштарлық

2 597 просмотра

Екі апта бұрын ТЖ министрі ВладимирБОЖКО (суретте) Солтүстік-Каспий экологиялық әрекет ету базасының (СКЭӘБ) «ТеңізСервис» ЖШС-нен («ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны) Төтенше жағдайлар министрлігіне берілгенін мәлімдеді.

ЖАРАТҚАННЫҢ СЫЙЫ

База құрылысы басталғаннан бері экологтар қатты наразы болып, сотқа талап-арыздар жазылған болатын. Естеріңізге салсақ, экологтар СКЭӘБ-ның «Ақ Жайық» қорығымен көршілес жатқан ерекше қорғалатын аймаққа орналасуының алдын алуға әрекет еткен еді. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін ол кімнің құзырында болуы керек деген проблема туындады.   

Алдымен салынып біткеннен кейін базаны NCPOCжалға алады деп хабарланды. 2013 жылға арналған табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша өткен жылы қыркүйекте өткізілген қоғамдық тыңдауларда NCPOCөкілдері базаны жалға алу туралы келісімге қол жеткенін, енді кейбір жайттар, соның ішінде төлем бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сол кезде база жабдықтар мен реагенттерді орналастыру үшін мұнай компаниясына жалға берілетін болады деп жобаланған болатын. Жақын арада ғана Алматыда өткен конференцияда ҚМГ өкілі базаны NCPOCпен ТЖМ бөлімшелері бірігіп пайдалану жолын жоспарлап отыр деп мәлім еткен еді.

Өткен жылы бүкіл келіссөз-дердің Каспийден инженерлік орталық құру қажеттілігі туралы ТЖМ басшысы Божконың мәлімдемесін арқау етіп жүргізілгендігін атап өткен жөн:

- Егер біз Каспийден инженерлік орталық пен арнайы теңіз өрт сөндіру бөлімін құратын болсақ, біздің дайындығымыз анағұрлым артпақ. Қашаған – бұл бір жағынан «жаратқанның елге сыйы» болса, екінші жағынан – осы кеніш бойынша төтенше жағдайларға жол бермеу үшін күрделі техникалық шешімдер қабылдау керек.

Шамамен сол кезде, мәжілісте сөз алған ол осы жоспарларды жүзеге асыру қиын екендігіне және «тиісті ТЭН даярланды, бірақ бюджет оны әзірге қолдамай отыр» деп қынжылыс білдірген еді. Шамасы, инженерлік орталықты құруға қаржы ақыры табылмаған секілді, өйткені биылғы наурыздың аяғында ТЖМ Мұнай төгінділерінің алдын алу және оларға әрекет ету ұлттық жоспарының жаңа редакциясын дайындау туралы баспасөз хабарламасын таратқан болатын. Хабарламада СКЭӘБ-ны ТЖМ-нің «Ақ Берен» әскерилендірілген фонтанға қарсы жасағының құзырына беріп, соның базасынан арнайы теңіздегі апаттан құтқару қызметін құру туралы мәселе қаралып жатқаны хабарланды.

 

«БАЗАҒА ҚАТЫСЫМЫЗ ЖОҚ»

Сонымен, соңғы жаңалық - СКЭӘБ ТЖМ-ға беріліпті. Бұл жағдайда Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мұнай операцияларын қолдау жөніндегі жағалау инфрақұрылымдары нысандарының меншік иесі және операторы ретіндегі ұстанымда жүрген «ТеңізСервис» ЖШС-нің реакциясы жұмбақ боп қалды. ЖШС-нің бас директоры Ғазиз ҚҰСАЙЫННЫҢ ұялы телефонына әлденеше рет қоңырау шалғанымызбен (орталық кеңсесі Ақтауда орналасқан) ақыры жауап бермеді. Ал бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Алексей САФОНОВ қысқа ғана қайырды:

- Түсінік бермеймін.

- Неліктен?

- Өйткені, түсінік беретін дәнеңе жоқ. Жалпы, біздің СКЭӘБ-ге қатысымыз жоқ.

- Сонда қалай, оны салған сіздер емес пе?

- Мен министрдің мәлімдемесіне түсінік бере алмаймын. Оның өзіне хабарласыңыз.

Божкоға министрліктің баспасөз қызметі арқылы ресми сауал жолдаған едім. Сол күні мынадай жауап алдым: «Қазіргі уақытта қойылған сұрақтарға түсінік беру мүмкін болмай отыр. Ахуал өзгерген бойда бұл туралы сіздерге шұғыл хабарлайтын боламыз».

NCOC-тағы біздің дереккөз-деріміз «Ақ Берен» еншілес кәсіпорны арқылы ТЖМ-нің жобамен айналысқысы келетінін растады, бірақ әзірге нақты мағлұмат жоқ. Анық ақпараттың болмауы базаның болашақ тағдыры туралы өз жорамалымызды жасауға құқық береді. Сонымен, өткен жыл бойына қарқынды мұнай өндіру барысында ықтимал апаттың алдын алу үшін Каспийден инженерлік орталық салуға қаржының бөлінуіне қол жеткізбек болған министр Божко сәтсіздікке ұшырады. Бірақ СКЭӘБ – дайын нысан бар. Рас, өзінің атқарымдық мақсаты бойынша бұл жабдықтарды сақтауға арналған қоймаға келіңкірейді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВ Атырауға келген сапарында «база басқа уақытта немен айналысады, төгінділер мен апаттар үнемі бола бермейді ғой» деген сұрақты қойғаны әлі есімде. «Теңіз-Сервис» басшылары бұл туралы ойланғандарын мәлімдеп, базаны логистикалық орталық ретінде пайдалануды ұсынды.

Қысқасы, жоғарыдағылар СКЭӘБ-ден Солтүстік-Каспий жобасының операторынан «ҚазМұнайГазға» жалға алғаны үшін ақша түсіп отыратын тағы бір енжар табыс көзін жасаудың қажеті жоқ, оны ТЖМ-не беріп, база функциясын барынша кеңейту керек деп, ақылға салып пайымдаған болуы мүмкін.

Десек те, бірден тағы бір маңызды мәселе бой көтереді: СКЭӘБ қалай және кімнің есебінен озық жабдықтармен жарақталмақ? Өйткені, бюджетте құрылмай қалған инженерлік орталықтың тарихынан айқын болғандай, бұған ақша жоқ қой. Мәжілісте сол Божко мойындағандай, ТЖМ бөлімшесінде «техникалық жарақтауға қатысты проблемалар өте көп» екен:

- Каспий қайраңын тиісті жабдықтармен қамтуға келер болсақ, бұрқақты басатын бұрқаққа қарсы жабдықтар мен кемелердің бізде Каспийде жоқ екенін айтқым келеді.

Көп нәрсе маусымның басында NCOC пен Аджип ҚКО ұйым-дастыратын мұнай төгінділері бойынша өтетін оқу-жаттығулар шеңберінде Божко СКЭӘБ-ге келген кезде айқындалып қалар деп үміттенеміз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

30 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.