Атырау, 27 шілде 05:52
 ашықВ Атырау +25
$ 474.83
€ 515.38
₽ 5.50

Пәтерлер. Келісімшарттар. Тұрғын үй алабы

688 просмотра
«Модерн сити» тұрғын үй кешені

Апатты үйлердің кезекте тұрған тұрғындарын көшіру үшін 44 пәтер сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 272 миллион 123 мың теңге қарастырылған. Бір бөлмелі 10, екі бөлмелі 16 және үш бөлмелі 18 пәтер сатып алу жоспарланды.

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурстың қорытындысы бойынша пәтерлер Нұрсая ықшамауданындағы Таумұш Жұмағалиев көшесінде орналасқан «Модерн сити» тұрғын үй кешенінен сатып алынады. «Модерн сити» тұрғын үй кешенін салушы - «Модернстрой-Атырау» ЖШС. Компанияның 2002 жылдан бері тұрғын үй және коммерциялық нысандар салумен белсенді айналысып келе жатқаны белгілі.

25 пәтер және үш жеке кәсіпкер

«Рубас» ЖК-мен 26 млн 862 мың теңгеге бір келісімшарт жасалды. Жеке кәсіпкерлікпен 16 ақпанда жасалған келісімшартта иесі Атырауда тұратын дағыстандық 39 жастағы АРБУХОВА Асият Гаджибековна деп көрсетілген. Бұл кездейсоқтық па, белгісіз, алайда «Модернстрой-Атырау» ЖШС басшысы Идрис Гаджибекович ГАДЖИБЕКОВ. 

«Тамила» ЖК-мен екі келісімшарт жасалды. Жеке кәсіпкерлік иесі Атырауда тұратын ресейлік 33 жастағы Тамила Тагировна АЛИБЕКОВА. 13 ақпанда жеке кәсіпкерлікпен 54 млн 242 мың теңгеге екі бөлмелі екі пәтерге келісімшарттың бірі жасалған. Екінші келісімшарт 143 млн 560 мың теңгеге бір бөлмелі сегіз пәтер сатып алуға жасалған.

«РемСтрой» ЖК-мен үш келісім жасалды. Үшінші жеке кәсіпкерлік иесі дағыстандық 41 жастағы АРБУХОВ Руслан Асланбекович. 13 ақпандағы бірінші келісімшартта 2 бөлмелі он бір пәтер, екіншісінде 2 бөлмелі бір пәтер, үшіншісіне 3 бөлмелі үш пәтер, тиісінше, 294 млн 113 мың теңге, 18 млн 19 мың теңге және 110 млн 926 мың теңгеге жасалған.

Барлығы – 25 пәтер.

Тек 44 пәтерге жетті

Естеріңізге салсақ, 2024 жылдың 10 қаңтарында мемлекеттік сатып алу порталында Атырау қаласында 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлерді сатып алуға ашық конкурс жарияланды.

Қалалық ТКШ бөлімінің мәліметінше, апатты үйлердің тұрғындарына пәтер сатып алу үшін қалалық бюджеттен 1 миллиард 272 миллион 123 мың теңге бөлінген. Атырауда барлығы көпқабатты 80 апатты үй бар. Биыл тұрғындарға 100 пәтер сатып алу үшін қала бюджетінен қаржы сұралғанымен, бөлінген ақша – 1 миллиард 272 миллион 123 мың теңге небәрі 44 пәтер сатып алуға жетті.

Бұрын тұрғын үй секторы меңгерушісінің м.а. Нұржан САЯСАТ биыл бюджет қайта қаралған кезде тағы 56 пәтерді сатып алуға қаражат сұралатынына сендірді. Қалай болғанда да, пәтерлерді жыл соңына дейін сатып алу жоспарланып отыр.

Қазір қалада 21 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 132 адам апатты үйлердің тұрғыны емес. Дегенмен халықтың әлеуметтік осал топтарының түрлі 11 санатына жатады: жетім балалар, көп балалы және жалғызбасты аналар, 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасылар және соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар.

Үлкен құпия

«АЖ» редакциясы келісімшарттар мен сомалар туралы ақпаратты бірнеше апта бұрын сұраған болатын. Алайда бұл ақпаратты қалалық ТКШ бөлімінен ала алмадық. Дегенмен сол кезде жеңімпаз және апатты үйлердің тұрғындары тұратын тұрғын үй кешені белгілі болған еді.

Қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Саида ШАЛАГУЛОВА WhatsApp мессенджері арқылы жоғарыда аталған адамдардың - жеке кәсіпкерлік иелерінің аты-жөнін толық хабарлаған болатын. Бірақ кейін белгісіз себептермен ол бұл хабарламаларды өшіріп тастап, келісімшарттар сомасын ақыры айтпады. Пәтерге көшіру және мемлекеттік сатып алу мәселесінен хабардар басқа мамандар да үнсіздік танытты.

Ақпаратты тек 21 ақпанда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алу мүмкін болды. Дәл бүгін сол жерде Атырау ТКШ мен үш жеке кәсіпкерлік арасында баспана сатып алуға жалпы сомасы 647 млн 722 мың теңгеге жасалған алты келісімшарт пайда болды. Алты шарттың барлығы ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің электрондық құжат айналымы жүйесі болып табылатын «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйесінде тіркелген.

Айнұр САПАРОВА

21 ақпан, 21:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.