20 ақпанда Қызылқоға ауданы Миялы ауылына кіре беріс көпір құрылысының алғашқы қадасы қағылды.
Өр суы мол келіп, Ойыл өзені қатты тасығандықтан өткен жылы Миялы ауылы тұрғындарын сарыуайымға салдырып, үрейін ұшырған болатын. Өйткені, 1993 жылы су тасқынынан бейқам отырған ауданның бір бөлігін су басып, бірнеше үй құлап қалды. Осы жайт миялылықтардың әлі есінде. Ауданға екі жыл қатарынан мол су келіп, тағы да қауіп төнген. 2023 жылдың наурызында Қарабау-Миялы-Сағыз автомобиль жолының Миялы-Жангелдин бөлігін жыру арқылы аудан халқы аман қалды.
- Ауданмен байланыстыру үшін көпір қажеттігі деген ұсынысымыз шешімін тауып, облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мақұлдаған болатын,-дейді ауыл белсендісі Есенбай НҰРОВ.
«АИС» мекемесі көпір құрылысын жүргізу үшін сайдағы суды сарқып құрғату жұмысын өткен жылдың қазан айынан бастап қолға алған болатын. Енді 54,2 метр болатын көпір құрылысын жүргізу үшін жалпы ұзындығы 16 метр болатын 132 дана қада қағу жұмысы жүруде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА