Бүгін, 20 ақпанда «Ақ Жайық» газетінің редакциясына Ғалымжан ЖУСАНБАЕВТЫҢ Атырау облысының прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВТЫҢ атына жазған арызы түсті. Ғ.Жусанбаев өз хатында «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ комиссиясының өзін АМӨЗ бас директоры қызметінен босату туралы шешімі заңсыз және негізсіз екенін мәлімдеген.
Жусанбаевтың айтуынша, ол өзін қызметінен босатқаны туралы шешімді әлеуметтік желілер арқылы білген. Хатта ол тексерудің басталғанынан және комиссия құрылғанынан бейхабар екенін де көрсеткен. Жусанбаев бұл шешім жарияланған жиналысқа шақырылмаған, сәйкесінше хаттамалық шешіммен де таныспаған.
Хатқа сүйенсек, 2024 жылдың 18 ақпанынан бастап Ғ.Жусанбаев амбулаториялық ем алып жүрген және ол уақытша еңбекке жарамсыз кезінде шешім қабылданғандықтан комиссияның және жоғарғы органның әрекетін заңсыз деп санайды.
«Прокуратура туралы» ҚР Заңының 4-бабының 1-тармағына сәйкес, прокуратура адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді жүзеге асырады. Жоғарыда баяндалғандарға байланысты осы шағымымды тексеріп, менің бұзылған құқықтарымды қалпына келтіруіңізді сұраймын», - дейді Ғ.Жусанбаев өз хатында.
Естеріңізге салсақ, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев пен бас директордың орынбасары - бас инженер Әділет ШОШАНБАСОВТЫ қызметінен босату туралы шешім «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ комиссиясының 19 ақпандағы жұмысының қорытындысы бойынша қабылданған болатын.
Бас директордың міндеттері әрі қарай шешімдер қабылданғанға дейін «АМӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег ЛЫЗЛОВҚА жүктелді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА