Ескі қала орнынан кезінде тұңғыш президент саябағы деп жоспарланған заманауи саябақтың құрылысы басталды.
Саябақ Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен "НКОК Н.В." компаниясының әлеуметтік мақсаттағы және инфрақұрылымдық жобалар (ССП) бағдарламасы аясында демеушілік қаражатқа салынады. Жобаның құны - 6 млрд 865 млн 900 000 теңге.
Басқарманың мәліметінше, құрылысты 2024 жылы тамыз айында аяқтау жоспарланған. Мердігер мекеме – «Нұрсат» ЖШС.
Жобада шағын архитектуралық нысандар көзделген, оның ішінде: мәрмәр тастан жасалған орындық-шезлонгтар, 4 орындық кешен-үстел, тренажерлар, велосипед тұрағы, ойын алаңдары, мүсіндік композициялар, алюминий перфорацияланған шатыры бар металл қаңқалы перголалар, қоғамдық дәретханалар мен полиция бекеті.
Жобада жоспардағы су қоймасының күрделі конфигурациясы бар бірнеше субұрқақтарды біріктіру, сондай-ақ маусымдық жұмыс істейтін жеке субұрқақтар қарастырылған. Құрылыс басқармасының мәліметінше, субұрқақтарға қызмет көрсету үш техникалық үй-жай арқылы жүргізілетін болады. Саябақ Пушкин Молдағұлова, Гагарин және Жангелдин көшелерінің арасындағы 4,04 гектар жерді алып жатыр.
Бұл жердің былтыр қараша айынан бастап қоршалғаны белгілі. Қоршау Жарбосынов көшесін қиып өтуіне байланысты енді Пушкин көшесінен Бином мектебіне бұрынғыдай Жарбосынов арқылы көлікпен өту уақытша шектелген.
P.S. Осы мақала жарияланған соң Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы «Ақ Жайық» редакциясының тілшісіне хабарласты. Оның айтуынша, газет сауалына жауап беру кезінде техникалық қателік кеткен. «Құрылысты 2024 жылдың тамызында аяқтау жоспарланған» дегеннің орнына «құрылысты 2025 жылдың соңында аяқтау жоспарланған» деп оқыған жөн.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ